Жамбыл облысында биыл 8 білім беру нысаны салынды

Биыл Жамбыл облысында 3 жаңа мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға берілді. 40 жылдан бері жөндеу көрмеген 6 мектеп жаңғыртылды, деп хабарлайды 24KZ.

Жыл соңына дейін тағы бірнеше нысанның құрылысы аяқталады. Кейінгі жылдары өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Мерей Бает, тілші:

– Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің іргетасы 1936 жылы қаланған. Алайда ескі мектеп заманауи талаптарға мүлде сәйкес келмейтін. Акт залы жоқ. Спорт залы мен асханасы тар болды. Жергілікті билік мәселені шешу үшін былтыр бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлді. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, балалар жаңа мектепте оқып жатыр.

Бұған дейін мектептің асханасы бөлек ғимаратта орналасты. Оқушылар ыстық тамақ ішу үшін қыстыгүні сыртқа шығатын. Жылу желілерінің де тозығы жеткен еді. Ғимарат іші салқын тартып тұратын. Биыл ескі мектептің орнына жаңасы салынды.

Ардақ Ақпанбетова, №27 орта мектеп директорының орынбасары:

– Екі ауысымда 1200 оқушыға дейін сыйымдылығы бар. Бұрынғы мектеппен салыстырғанда екі есе жоғары. Ескі ғимаратта асхана бөлек еді. Қазір асхана мектептің ішінде орналасқан.

Тараздағы орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі де шешілді. Солардың бірі – 15 мектеп-гимназиясы. Бұған дейін 550 орынға арналған ескі ғимаратта 800 бала оқитын. Шеберханалар мен талапқа сай спорт залы болмады. Дәретхана сыртта орналасқан еді. Жаңа ғимаратта мұның бәрі ескерілген.

Шолпан Есенәлиева, №15 мектеп-гимназиясының директоры:

– Жаңа ғимарат оқушылардың тамақтануын ыңғайлы ететін заманауи құралдармен жабдықталған асхана ұйымдастырылды. Үлкен спорт зал салынды. 18 оқу кабинеті жасақталды. Сонымен қатар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған ұлдар мен қыздарға арналған үлкен шеберхана салынды.

Биыл облыста 14 білім нысанын салу жоспарланса, 3 мектеп пен 5 қосымша ғимарат құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді. Соңғы жылдары өңірде ескі мектептер жаңғыртылып, үш аусыммен білім беретін мектептердің орнына жаңасы салынып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Динара Жаңабаева, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

– Облыс бойынша бізде 3 ауысымды мектептің мәселесі толық шешілген. Сондай-ақ мат-техникалық базаны жағдайы жақсарып жатыр. 6 мектептің құрылысына да, күрделі жөндеуге де МАТ базаны алдырып жатырмыз. Жыл соңына дейін 100 пайыз қамтылады. Ол – химия, физика кабинеттері. Биыл Қазақстан халқына қорынан 80 мектепке 207 кабинет толығымен жабдықтап берілді.

Биыл өңірде 35 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 3 жылда тағы 127 білім беру нысаны жөндеуден өтеді. Осылайша, 40-50 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттар толық жаңғыртылады.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Сондай-ақ оқыңыз: