Бозжыра шатқалында визит орталық салынып жатыр
Маңғыстаудағы туристік нысанның құрылысы биыл аяқталуы тиіс.
Әзірге тау етегінде бір орталық жұмыс істеп тұр.
Бозжыра шатқалындағы құрылыс алаңының аумағы қоршалған. Визит орталық инвестициялық жоба аясында салынып жатыр. Жоспар бойынша заманауи үлгідегі нысан келер жылдың ақпан айында қолданысқа беріледі. Тау етегінде тағы бір визит орталық бар. Биыл іске қосылған демалыс орнына келушілердің дені Еуропа және Қытай азаматтары екен. Мұнда әзірге тек тамақтанып, жуынуға ғана жағдай жасалған.
Әсет Шәмбілов, визит орталық жетекшісі:
- Күніне шамасы 200 адамға дейін келеді. Біз 2026-ның сәуір айында ашылдық. Содан бері жұмыс жасап жатырмыз. Туристер көбіне жатын орын сұрады. Соны жоспарлап отырмыз келесі жылға. Сосын мына серуендеуге байланысты туристер көп жылқыны, түйені, квадроциклды сұрайды. Соларды жоспарлап жатқан жайымыз бар.
Бозжыраға бармас бұрын туристер алдымен Қызылкүп шатқалына аялдайды. Теңіз деңгейінен 268 метр биікте орналасқан мекен түрлі-түсті бедерімен алыстан көз тартады. Ерекше көрінісіне қарап, саяхатшылар бұл жерді Марсқа теңеп жүр.
Талғат Исламұлы тілші:
- Қызылкүп Маңғыстаудың ландшафты ерекше орындарының бірі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жыл он екі ай турист келеді. Саяхатшыларды түрлі-түсті тау жыныстарынан тұратын сырт келбеті қызықтырады. Қызылкүптің етегі ақ, сары, қоңыр және қызғылт түсті болуына байланысты тәтті тағам «Тирамису» атауымен де аталып жүр.
Севим Шеннероулу, турист /Түркия/:
- Жақында елуге толдым. Маңғыстаудың көрнекті орындарын тамашалайық деп, екі қызыммен бірге Ыстамбұлдан арнайы келдік. Мақсатым - балаларымды бауырлас елдің салт-дәстүрімен таныстыру. Қызылкүптің әсем табиғатын көріп тамсандық. Саяхатшыларды осы жерге жайлы көлікпен жеткізуі, гид-аудармашылардың қызметі көңілімізден шықты.
Хуанг Айша, турист / ҚХР/:
- Қызылкүп, Бозжыраны ғаламтордан көріп, Қазақстанға жетуге асықтық. Жолшыбай бізге бұл жерде ерте уақытта мұхит болғаны айтылды. Құрбыларыммен бірге ежелгі акуланың тісін іздеп көреміз. Шатқалда жергілікті халық «сфинкс» деп атайтын жартас бар екен. Шынында да бізге алыстан алып адамның басы секілді көрінді.
Туризм басқармасының мәліметінше, былтыр өңірдің көрнекті орындарын 18 мыңнан астам турист тамашалаған. Ал биылғы 8 айдың өзінде 17 мың саяхатшы келгені белгілі болған.
Мәншүк Қабдықызы, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Біздің қонақтар келген шетелден болсын, өзімізден болсын олар қонақүйлерге бармайды. Жеке тұрғын үйлерге барады, аппартаменттерге. Орын жоқ деп бізге айтып жатыр. Ол шынында да солай. Былтырғыдан нақты көп. Бір инвестор бұйырса келесі жылдың ақпанына дейін қосымша жол сервисін ашады сол Бозжыраның шатқалына қарай.
Жалпы аймақта туризм саласын дамыту бойынша 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бар. Соның аясында бірнеше туристік орында сервистік орталық ашу жоспарланған. Бірі 2023 жылы Түпқараған ауданында іске қосылды. "Жығылған" мүйісіндегі "Сартас" визит орталығы күніне 100 адамға дейін қабылдай алады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев