Атырауда Жайық өзенінің үстінен көпір салынып жатыр
Атырау Жайық өзенінің үстінен тағы бір көпір салып жатыр. Ұзындығы 700 метр жаңа өткел Алмалы мен Тал-Қай-Раң елді мекендерін жалғайды. Құрылыс аяқталса, жүк көліктері қалаға кірмей, айналма жолмен өте алады. Бұл уақытқа үнем әрі көшедегі кептелісті азайтады, деп хабарлайды 24KZ.
Асланбек Шығыр, тілші:
– Жаңа көпір Солтүстік айналма жол жобасы аясында салынып жатыр. Ұзындығы 700 метр болатын өткелдің өңір үшін маңызы зор. Өйткені Атырау – Ақтөбе, Атырау – Орал, Атырау – Астрахань бағытына тәулігіне 5 мыңға тарта жүк көлігі қала ішімен жүріп, кептеліс жиі болады. Әрі жолдың сапасына да кері әсер етеді. Осы мәселені шешу үшін айналма жолдың құрылысы басталды. Жоба үш кезеңге бөлінген.
Шахмардан Рүстемов, «Ақжол Құрылыс» ЖШС құрылыс қадағалау жөніндегі консультанты:
– Қазір 12 аралыққа бұрғылап құйылатын қадаларды орнатудамыз. Жалпы 208 қаданың 40-ы дайындалды. Жобаға Қытайдың су шаруашылығы және энергетика саласында жұмыс істейтін халықаралық компаниясы тартылған. Көпірдің тірегін тұрғызу үшін алдымен уақытша технологиялық көпір салынуда.
Асланбек Шығыр, тілші:
– Құрылыс жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Жұмысқа 70-тен астам адам және 17 арнайы техника жұмылдырылған.
Данияр Мырзашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
– Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың тамыз айында басталды. 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге және жобалық құжаттамаға сай жүргізілуде.
Асланбек Шығыр, тілші:
– Жобаның жалпы құны 29 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл қаражатқа көпір құрылысынан бөлек, 27 шақырымнан астам айналма жол салынады. Осылайша көршілес Орал, Ақтөбе облыстары және Ресейдің Астрахань облысына қатынайтын көліктер қаланы айналып өтіп, уақытты да үнемдейді. Әрі қала ішіндегі кептелістің азаюына мүмкіндік береді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин