Ақтау портының түбі тереңдетіліп жатыр
Транскаспий халықаралық көлік бағытында жүк тасымалын болашақта 4 есеге дейін арттыруға болады.
Мұны кеше Авазадағы жиында мемлекет басшысы айтты. Қазір теңізге теміржол да, көлік жолы да тартылып, порттар, айлақтар кеңейтіліп жатыр.
Соның бір мысалы Ақтау теңіз портының түбі 7 метрге дейін тереңдетіледі.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі күрт төмендеді. Сарапшылар бұл өзгерісті су айдынына құятын Еділ, Жайық секілді өзен суының көлемі жылдан жылға азаюымен түсіндіреді. Теңіздің тартылуы Каспий маңындағы 5 мемлекет үшін ортақ экологиялық мәселеге айналып, отандық экономика мен логистикаға кері әсер етті. Айталық, Ақтау портында кемеге жүк тиеу көлемі төмендеді. Құрғақ жүк таситын су көлігінің бортына 6-7 мың тонна жүк сияды десек, қазір толық көлемде тиелмейді. Өйткені кеменің су түбіне қайырлап қалу қаупі бар. Сол себептен Ақтау портында теңіз табанын тереңдету бойынша негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Жоба жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Әлкен Бегалы, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ құрылыс инженері:
- Жұмыстың негізгі мақсаты - Ақтау портының өткізу қабілетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалын көбейту. 2028 жылға қарай бұл бағыттағы жүк өткізу көлемін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға жеткізу.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазақстанның басты теңіз қақпасы жылына 11 млн 800 мың тоннаға дейін әртүрлі жүктерді қабылдап, жөнелте алады. Портқа негізінен Бакуден кеме жиі келеді. Бұған дейін осы бағытта жүк таситын 7 су көлігі тұрақты қатынаса, биыл тамыздан бастап тағы 3 кеме қосылды. Өз кезегінде отандық экспорттың әрі Қытайдан еліміз арқылы шетелге шығатын транзит тасымалының көлемі артқан. Жалпы биыл Ақтау порты арқылы Каспий маңы елдеріне 6 млн тонна жүк жөнелту күн тәртібінде тұр.
Ғалым Айтжанов, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- 2028 жылға дейін Қазақстан жағынан 20 кемеге дейін жеткізуге жұмыстанып жатырмыз. Соның 6-уы жаңадан құрастырылған кеме болады. Өткен жылы 4 млн 909 мың тонна жүк жөнелтілді, енді биылғы жоспар бойынша 5 млн 909 мың тонна жүк жөнелтуіміз керек. Соның ішінде Транскаспий басым бағыты бойынша жүріп жатқан контейнерлік жүк жөнелту. Оның былтырғы жылы тиегеніміз 63 мың ЖФЭ контейнер болды. 93 мың контейнерді тиеуге бізде мүмкіндік бар.
Көлік министрлігінің мәліметінше, порт жағалауын тереңдету жұмыстары тасымал көлемін 30 пайызға ұлғайтады. Сондай-ақ жүктерді теңіз арқылы тасымалдау құнын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Айта кетсек, су түбінен қазылып алынатын топырақ жаңа 2 айлақтың құрылысына қолданылады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев