Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережелері өзгерді
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарды қайта тапсыру тәртібі өзгерді. Енді үш рет қатарынан өте алмағандар келесі талпыныстары үшін ақы төлейді, деп хабарлайды 24KZ.
Ішкі істер министрі тиісті бұйрыққа түзетулер енгізді. Жаңа талаптар жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындарға да, қолданыстағы куәлігін ауыстырғысы келетіндерге де қатысты.
Емтиханды қайта тапсыру тәртібі
Емтиханнан бірінші рет өте алмаған адам оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Ал екінші рет сәтсіздікке ұшыраса, келесі талпынысқа кемінде 10 күнтізбелік күннен кейін ғана рұқсат беріледі.
Үш рет өте алмаған жағдайда емтиханды қайта тапсыру ақылы болады. Құны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тарифтері бойынша белгіленеді. Бұл ретте әр талпыныстың арасы кемінде 10 күн болуы керек.
Емтиханның орны, күні мен уақытын бос орындарға қарай таңдауға болады. Алайда оған кемінде бір жұмыс күні қалғанда жазылу қажет.
Емтиханнан бір жылға шеттетілуі мүмкін
Теориялық емтихан кезінде телефон, шпаргалка немесе басқа электрондық құрылғыларды пайдалануға, жауаптарды бір-біріне беруге және емтихан залынан шығуға болмайды. Мұндай әрекеттер анықталса, емтихан тоқтатылып, үміткерге «өтпеді» деген баға қойылады. Қайта тапсыруға тек 12 айдан кейін рұқсат беріледі.
Емтихан нәтижесіне шағымдануға болады
Теориялық емтихан нәтижесімен немесе практикалық жүргізу кезіндегі айып ұпайларымен келіспеген азамат апелляция бере алады. Шағымды қарау кезінде фото және бейнежазбалар пайдаланылады.
Шешімді уәкілетті органның, мемлекеттік корпорацияның және оқу ұйымының өкілдерінен құралған кемінде үш адамнан тұратын комиссия қабылдайды.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру тәртібі де нақтыланды
Цифрлық сервистер арқылы өтініш берген кезде кейбір құжаттарды сканерленген нұсқада ұсынуға және мемлекеттік бажды онлайн төлеуге болады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін қазақстандық куәлікке ауыстыру үшін үміткер теориялық емтиханнан өтіп, құжаттың түпнұсқалығын тиісті шетелдік орган арқылы растауы керек.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексеруге арналған жеке тәртіп енгізілді. Мұндай емтиханға «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы жазылуға болады. Емтихан нәтижелері 12 ай бойы сақталады.