Маңғыстауда қылмыс деңгейі 5,7%-ға төмендеді

Биыл Маңғыстауда қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға төмендеді. Прокуратура органдары жүргізген кешенді жұмыс нәтижесінде биыл 9 айда өңірде тіркелген құқықбұзушылықтардың жалпы саны 4,5%-ға азайған. Бұл туралы Ақтауда облыс прокуратурасы ұйымдастырған үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды 24KZ.


«Заң мен тәртіп»: қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбындағы жиынды облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев жүргізді. Басқосуда кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. «Айқын нәтиже» жобасы аясында бірнеше түнгі ойын-сауық нысаны уақытша жабылып, күзет қызметі енгізілгені айтылды. Оқиға жиі тіркелетін орындарға дабыл түймесі, модульдік полиция бекетінің қойылуы оң нәтиже берген.

Нұржан Боранбаев, облыс прокурорының орынбасары:

– Өңірде қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар саны 16%-ға, жол-көлік оқиғаларына байланысты қылмыстар 11%-ға, ал меншікке қарсы қылмыстар 16%-ға азайған. Сондай-ақ су айдындарында көлік құралдарын пайдалану ережелерінің сақталуына ерекше назар аударылды.

Облыста ішімдіктен толықтай бас тартқан 13 ауылда соңғы жылдары бірде-бір қылмыс болмаған. Құқықбұзушылықтың алдын алуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматтың есімі көпке жарияланып, «Алкогольсіз ауыл», «Қауіпсіз ауыл», «Үздік мектеп», «Үздік учаскелік полиция» аталымы бойынша марапатталды.

Оразғали Бекенбаев, Құланды ауылының әкімі:

– Ауыл халқының 25-30 пайызына жуығын жастар құрайды. Спорттық шаралармен және жеке кәсіп, ауыл шаруашылығы бағытымен айналысып келеді. Басқа да елді мекендерге үлгі деп ойлаймын.

Заңбұзушылықтың ізі суымай ашылуына ақылды технологиялар сеп болуда. Қолданыстағы 300 бейнекамера жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Жалпы биыл өңірде 1100-ден астам бейнебақылау құралын орнату жоспарланған. Жиын соңында қауіпсіздік шараларын күшейту, қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді жұмыс жоспары бекітілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ оқыңыз: