БҚО-да мал азығы артығымен жиналды

Батыс Қазақстан облысында қысқы мал азығының мол қоры жасақталды. Биылғы жауын-шашынның мол болуы мен егіс алқаптарының кеңеюі шаруаларға шөпті жеткілікті мөлшерде жинауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір өңірдегі мал басы 1 млн-нан асты. Фермерлердің айтуынша, қытымыр қыста төрт түлікті күйлі сақтап, көктемге аман-есен жеткізуге қажетті құнарлы жемшөп қоры жеткілікті.

Дәурен Нұрмағамбетов 20 жылдан бері атакәсіппен айналысады. Оның шаруашылығы Тасқала ауданындағы Оян ауылының маңында орналасқан. Осы аралықта қорадағы азғантай малы бірнеше есе өскен. Бүгінде мұнда бір жарым мың қой, 900-ге жуық ірі қара және 300 жылқы бар. Әрине, мал басы өскен соң жемшөпке деген қажеттілік те артады. Сондықтан биыл фермер мол өнім жинау үшін техникаларды жаңартты.

Дәурен Нұрмағамбетов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Биыл егінмен айналысуға екі қытай тракторын алдым. Шөпшапқыш сияқты агрегаттар алып жатырмыз. Биыл біз үшін шөп жақсы шықты. Шамамен 5 мыңдай орам жинап алдық. Қысқа жетеді, әзірміз деп ойлаймын. Оны енді қыс келгенде көрерміз.

Тасқала ауданы бойынша 167 мың тонна шөп жиналды. «Бұл 170 мыңнан астам мал басын қыстан алып шығуға жеткілікті», – дейді шаруалар. Биылғы маусым малшылар қауымы үшін қолайлы болды. Жаз жаңбырлы болып, жайылымдар мен шабындықтарда шөп бітік шықты. Осының нәтижесінде мал азығы артығымен жиналды. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, жемшөп дайындау көлемі жоспардан 23 пайыз асыра орындалған.

Берік Сейтқазиев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Соңғы 3-4 жыл қатарынан құрғақшылық болып, мал азығын дайындау біршама мәселеге айналған еді. Ал биыл шөптің шығымы жақсы. Сондықтан азық қорын артығымен жинап алуды көздеп отырмыз. Кей шаруашылықтарда жеп-шөп дайындау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар жыл санап суармалы егіс көлемін көбейтуге басымдық беріп отырмыз. Мәселен, былтыр оның көлемі 203 мың гектар болса, биыл тағы 11 мың гектарға ұлғайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жанар-жағармаймен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Фермерлерге 3 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен берілді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Қалыбек Ақрап

Сондай-ақ оқыңыз: