Ет өнімдерінің құрамын тексеретін ПТР-тест әзірленді
Сиыр еті деп сатылған өнімнің құрамында басқа ет болуы мүмкін бе?
Мұны сыртқы түріне қарап анықтау қиын. Қазақстандық ғалымдар еттің түрін ДНҚ арқылы анықтайтын отандық ПТР-тест әзірледі. Жүйе бір үлгіден 17 түрлі жануар мен құстың генетикалық белгілерін анықтай алады.
Шұжық, жартылай фабрикат пен консервілердің құрамында қандай ет барын сыртқы түріне қарап байқау мүмкін емес. Ол үшін зертханалық талдау қажет. Ал Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген ПТР-тест еттің құрамын ДНҚ арқылы анықтауға мүмкіндік береді.
Нұртай Ғұбайдуллин С.Сейфуллин атындағы ҚаТЗУ 2-курс докторанты:
- Ет өнімдерінен бірінші ДНК-сын, жалпы жинақ ДНК-сын бөліп аламыз сол бойынша, және осы жинақтың көмегімен әрі қарай польмиро тізбектік реакция қоямыз. Яғни белгілі бір ген бөлшегін, егер ол сиыр еті болса, сиыр етіне ғана тән бір геннің бөлігін біз миллион есе көбейте аламыз. Сол арқылы оны біз анықтаймыз, яғни бұл ет сиырдікі немесе жылқынікі немесе шошқа еті деген сияқты.
ПТР - тест 17 түрлі жануар мен құстың ДНҚ-сын анықтайды. Бұл уақытты үнемдеп, зерттеу шығынын азайтады. Технология шикі етке де, шұжық, ветчина және консерві сияқты өңделген өнімдерге де арналған. Демек, өндіруші көрсеткен құрамды зертханалық жолмен тексеруге мүмкіндік бар.
Лейла Ансабаева, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:
- ПТР тест мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін тәжірибеде қолданыла алады. Бұл ретте тіркеу мерзімі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, өтінімнің уәкілетті органға қашан келіп түскені маңызды. Одан кейін мемлекеттік тіркеу рәсімі жүргізіледі. Сонымен қатар мерзім тесттің жарамдылық мерзіміне де байланысты. Жалпы алғанда бұл процесс орта есеппен 6–8 айға созылуы мүмкін, ал ең ұзақ мерзімі екі жылға дейін. Отандық өнім болғандықтан оны шетелден жеткізуге кететін уақыт пен логистикалық шығынды азайтуға мүмкіндік бар.
Отандық ПТР-тестің ғылыми-техникалық құжаттамасы әзірленіп, жүйе патенттелген. Енді мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Бүгінде университет ғалымдары ауыл шаруашылығы саласында басқа да ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Рахия Елназарқызы, С.Сейфуллин атындағы ҚаТЗУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:
- Қазіргі таңда атқарылып жатқан бұл ауыл шаруашылығында топыраққа қатысты әртүрлі зерттеулер жасалып жатыр, ол енді органикалық тыңайтқыштарды қолданады немесе жаңа бір желілерді қолдану арқылы жаңа күресу жұмыстары жасалып жатыр.
Ғылыми ізденістердің тағы бір бағыты - жаңа дақыл сорттарын шығару және селекциялық будандастыру. Сонымен қатар мамандар топырақтың құнарлығын зерттеп, органикалық тыңайтқыштарды қолдану тәсілдерін жетілдіруде.
Авторы Наргиз Бекмағанбетова