Сауд Арабиясына әуе соққылары: Ұмраға барғандар қаза тапты

Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған әуе соққылары кезінде кіші қажылыққа барғандар қаза тапты. Корольдік қайғылы сәттің бейнежазбасын жариялады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл оқиға күллі мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. Араб әлемі хуситтерге қарсы күш біріктіруге біртабан жақын тұр. Ал йемендік көтерілісшілер кейінгі екі күнде Саудияның 5 әуежайы мен бір мұнай өндіру кешеніне баллистикалық зымыран атып, дрон ұшырды.

Сауд Арабиясы жариялаған бейнежазбада Король Халид әуежайына жасалған соққының ауыр салдары көрсетілген. Әсіресе ихрам хәлінде жүргендердің жанұшырып, жан-жаққа қашқаны және кейбірінің оқиға орнында тіл тартпай кеткені анық аңғарылады. Дерекке қарағанда, бұл – зымыран шабуылынан ең көп зиян шеккен үшінші терминал. 8 елдің азаматы қаза тауып, 300-ден астамы жараланған жер. Көбі қасиетті Мекке мен Мәдинаға кіші қажылық парызымен аттанғандар. Қазір олардың хәлін жергілікті дәрігерлер толық бақылауда ұстап отыр. Денсаулық сақтау саласына жауаптылар әр науқастың тиісті көмек алғанын жіті қадағалауда.

Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:

– Олар Мекке мен Мәдинаға кіші қажылық парызын өтеуге бар жатқандар еді. Бұл – хуситтердің әдейі жасаған қылмысы. Мұны біз ғана емес, әлем елдері айыптайды. Ел үкіметі азаматтар мен шетелдіктердің қауіпсіздігін сақтау үшін бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Лаңкестікке ұйымның әрекетін жауапсыз қалдыруға болмайды. Иран барынша қолдап, қару-жарақпен қамтып келсе де Сауд Арабиясы негізгі ұстанымынан айнымайды.

Хуситтер бұл шабуылды толықтай жауапкершілігіне алды. Сондай-ақ корольдіктің тағы 4 әуежайы мен Saudi Aramco компаниясының энергетикалық нысанына соққы жасалғанын жария етті. Йемендік көтерілісшілердің ресми өкіл: «Егер Рияд әскери ұшақтарын Санадағы Хамдан мен Саура аудандарына жөнелтуін доғармаса, жағдай осылай жалғаса береді», - деді. Ал корольдік билігі халықаралық қауымдастықты хуситтерге қарсы тізе қосып әрекет етуге шақырып отыр. Әсіресе Түркия мен Пәкістаннан нақты қадамдар күтеді. Сарапшылар сөзіне сенсек, бұл жағдайда азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылды айыптау жеткіліксіз.

Анвар Гаргаш, БАӘ президентінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

– Сауд Арабиясының қауіпсіздігі мен егемендігі – біздің де қауіпсіздігіміз. Шығанақ елдерінің тұрақтылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Біз қазір барлығымыз нысанаға айналдық. Өңір мемлекеттері қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлесіп әрекет етуі керек.

Ресми Рияд әуе қатынасы жақын арада қалпына келуге тиіс дейді. Ал әзірге араб жеріндегі шетелдіктердің ешбірі әуежай маңына бармау керегі ескертілді. Қандай да көмек қажет болса, дипломатиялық миссия өкілдіктеріне жүгіну шарт. Саудиядағы Король Халид әуежайына кеше де шабуыл жасалды. Алайда елдің қорғаныс жүйесі бірнеше зымыранды дарытпай қағып түсіргенмен терминалдан тағы қою қара түтін көтерілген еді. Араб басылымдарының хабарлауынша, хуситтер жақын арада Мекке мен Мадинаға шабуыл жасауы әбден ықтимал. Әзірге елдің басым бөлігінде ұшақ қатынасы тежеліп тұр. Мыңдаған шетелдік ірі қалалардан шыға алмай қалды.

Автор: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: