Биыл елде 54 гидрогеологиялық ұңғыма жойылады

Елде иесіз қалған және өздігінен су шығаратын гидрогеологиялық ұңғымалардың кейбірі жойылады. Өйткені олар жерасты суының ысырап болуына және ластануына апарып соғуы мүмкін. Саладағы өзгерістерге сәйкес кәсіпорындар тіршілік нәрін үнемдеуге арналған өз жоспарын әзірлеп жатыр. Тиісті құжат су тұтынуға рұқсат алу кезінде талап етіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Жерасты суын өздігінен шығаратын ұңғымалар қараусыз қалса, қоршаған орта үшін қауіпті. Ең алдымен, су деңгейі төмендейді және ластанады. Екіншіден, топырақ сапасын бұзып, өсімдіктерге зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан иесіз гидрогеологиялық жабдықтарды жою немесе қауіпсіз күйде сақтау жұмыстары жүргізілуге тиіс. Салалық министрліктің мәліметіне сүйенсек, бүгінде мұндай 2 256 ұңғыма бақылаусыз жұмыс істеп тұр. «Оларды ретке келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады», – дейді мамандар.

Әділет Тұрғынбек, ҚР СРИМ жерасты сулары департаментінің бас сарапшысы:

– 2256 бірлік ұңғыманы 2030 жылға дейін 2 мың бірлікке дейін жеткізу болып табылады. Жыл қорытындысымен 12 жоба шеңберінде 54 ұңғыманы жою және 698 ұңғыманы зерделеу жоспарланған.

191 кәсіпорын су үнемдеу жоспарын әзірледі

Елде жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынылады. Соның төрттен бірі өнеркәсіп саласына тиесілі. Кәсіпорындар енді тұтынған суды төгіп тастамай, оны сүзіп, қайта пайдалануға тиіс. Бизнес субъектілері үшін тиісті мерзім бекітілді. Әрқайсысы алдымен жоспар дайындайды. Ал соны іске асыруға бес жыл уақыт беріледі. Салалық министрлік суды өндірістік мақсатта алатын тұтынушылардың тізімін әзірледі. Сондай-ақ олардың кейінгі 3 жылдағы статистикасын қайта тексеріп жатыр. Өйткені кейбір мәліметтер қате толтырылған. Бүгінде 671 кәсіпорын тіршілік нәрін үнемдеу технологиясына көшуге кірісті. Солардың 191-і нақты жоспар құрып үлгерген. Келесі жылы суды бөлу кезінде дәл осы құжаттар талап етіле бастайды.

Су үнемдемеген шаруаның субсидиясы азаяды

Суды ең көп қажет ететін сала – ауыл шаруашылығы. Жыл сайын тұтынылатын тіршілік нәрінің жартысынан көбі осы секторға тиесілі. Шаруаларды су үнемдеу технологиясын енгізуге ынталандыру шаралары жалғасып жатыр. Бұрын ұңғымаларды бұрғылауға кеткен шығынының 50 пайызға өтелсе, қазір 80 пайызға дейін жетті. Ал су тарифін субсидиялау көлемі сараланған тәртіппен беріледі. Тіршілік нәрін үнемдеген шаруалар үшін демеу-қаржы 60-тан 85 пайызға дейін артты. Ал озық технология қолданбайтын фермерлер үшін субсидия жыл сайын 10 пайызға азаяды.

702 мың га алқап озық әдіс арқылы суарылады

Қабылданған шаралардың нәтижесінде озық технология арқылы суарылатын алқаптың көлемі күрт ұлғайды. Үш жыл бұрын небәрі 237 мың гектар жер ғана қамтылса, биыл 700 мың гектардан асты. Ал 2030 жылға қарай оның көлемін 1,3 млн гектарға дейін жеткізу міндеті тұр.

Сондай-ақ оқыңыз: