Такси бағасы үш есе қымбаттаған: inDrive ескерту алды
Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға және тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтіруге әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған 11 қазанда «Яндекс Go» сервисі уақытша қолжетімсіз болған кезде жол жүру құнының едәуір өскені туралы ақпараттар себеп болды. Кейбір жағдайда такси бағасы үш есеге жуық қымбаттаған.
Пайдаланушылардың такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысуы нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен.
inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді, - делінген хабарламада.
inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес, жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықтарды өтеуге жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендеткен. Сонымен қатар баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.
Бұдан бөлек, БҚДА Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығының жоғары шоғырлану деңгейімен сипатталатынын атап өтті. Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жол жүру құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін ерекше маңызды.
Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен басқа да күтпеген оқиғалар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін, - деді агенттік.
Осыған байланысты агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, монополияға қарсы заңнаманы бұзуға әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жолдады.
Агенттік бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін атап өтті. Ол ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және такси агрегаторлары қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.