Елдің туризмі түрлене түсті

Кейінгі 7 жылда Қазақстанға келетін саяхатшылар саны едәуір өскен. Елге шетелден келетін қонақ саны 16 млн-ға жуықтады. Туризм саласында тың жобалар мен жаңа бағыттар ашылып, саланың тамырына қан жүгіртті, деп хабарлайды 24KZ.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Біз кейде демалысты шетелден іздейміз. Бірақ Қазақстанның өзінде көз тартатын көрікті жерлер де, таңғалдыратын туристік бағыттар да аз емес. Бір жерде таудың саф ауасын жұтсаңыз, енді бір жерде шөлдің ортасында өзіңізді басқа ғаламшарға тап болғандай сезінесіз. Ең бастысы – еліміздегі туризм енді тек табиғатты тамашалау емес, тұтас бір саяхат мәдениетіне айналып келеді. Мәселен, қазір елімізде туризм 6 бағыт бойынша дамып жатыр. Кейінгі жылдары оқиғалы және спорттық туризмді ілгерілетуге көңіл бөліне бастады. Шетелдік жұлдыздардың қатысуымен шоу концерттер, фестивальдер мен халықаралық спорттық жарыстар жалпы туристік индустрияға серпін бергені рас.

Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығының департамент директоры:

– MasterCard деректері бойынша Астанадағы турист күніне $230 қаржы жұмсайды. Яғни бұл турист кем дегенде 3 күн аялдайды десек, қалада $690 доллар бір турист қалдырады.

Сонымен қатар еліміздің тау кластері де туризмге жаңа серпін бере бастады. Мамандардың айтуынша, Алматы тау кластерін дамыту бастамасы туристік саланың тамырына қан жүгіртіп, саяхатшылар үшін өңірдің тартымдылығын арттырады. Сарапшылар, әсіресе, Медеу мен Шымбұлақтағы инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына назар аударды. Себебі бұл – экономикалық тұрғыда оңтайлы бағыт. Ауқымды Almaty Super Ski курорт жобасы туристерді таңдай қақтырмақ. Мұнда жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын тау шаңғы трассалары салынады.

Шынарбек Батырханов, Қазақстанның еңбек сіңірген туризм қызметкері, профессор:

– Мемлекет басшысы туризмнің дамуына көп көңіл бөліп отыр. Оның ішінде үш бағдарлама бекітіліп отыр. Алматы тау кластері, оның ішінде Медеу, Шымбұлақ шаңғы тебетін жобалар жасалып жатыр. Медеу мен Шымбұлақ шаңғы базасы өзгеріп, жаңғыртылып, халықаралық стандартқа сәйкес үлкен демалыс орындары болайын деп тұр.

Сондай-ақ тасжолдардың 70 пайызы жасанды қар жамылады. Жоспарға сай курорт алғашқы туристерін 2028 жылдың аяғында қабылдайды. Иә, туризм туристік қызмет көрсетумен шектелмейді. Бұл – инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі, инвестиция, маман дайындау және цифрландыруды қамтитын кешенді сала.

Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism Development» АҚ бас атқарушы директоры:

– Тау шаңғы тебуді жаңадан бастаған туристерге өте ыңғайлы трассалардың көк және жасыл деңгейлі трассалар, екіншіден, жалпы Көкжайлау трассасы 11 аспалы жолдан тұрады, ол көп емес. Мысалы, Италиямен салыстырсақ, Almaty SuperSki курортындағы аспалы жолдың саны 400-ден астам, бізде 11 ғана, демек табиғатқа ешқандай кері әсері болмайды.

Кейінгі жылдары ішкі туризм тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2025 жылы ел ішінде саяхаттаған Қазақстан азаматтарының ағыны 10,7 пайызға артқан. Сонымен қатар 2021 жылдан бүгінге дейін туристік салада жалпы құны 479,5 млрд теңге болатын 523 инвестициялық жоба жүзеге асты. Осы арқылы 8200-ден астам (8 251) адам өз нәпақасын тапқан. Ал биылғы жарты жылдың өзінде демалыс орындарында 1 млн 965 мың адамға қызмет көрсетілді. Оның 800 мыңнан астамы негізгі курорттық аймақтарды таңдаған. Мәселен, Алматы таулы кластерінде 510 мыңға тарта адам демалса, Бурабайдың тұмсақ табиғатын 117 мың адам тамашалаған. Маңғыстаудың маңғаз даласына 53 мыңнан аса адам саяхаттаса, Түркістанға 40 мыңға тарта адамның табаны тиген. Ал 30,3 мың адам Алтай аймағында демалуды жөн көрген.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жандос Битабаров

Сондай-ақ оқыңыз: