Яндекс ақауы, inDrive бағасы және такси нарығын реттеу: сарапшы пікірі

коллаж 24KZ

Жақында «Яндекс» сервисінің жұмысында орын алған жаппай ақаулар еліміздегі такси нарығындағы мәселелерді ашып көрсетті. Жүйе істен шыққан сәтте балама іздеген тұтынушылар inDrive платформасына жаппай ағылып, салдарынан кей өңірлерде жол жүру құны үш есеге жуық шарықтап кетті. Осы жағдайдан кейін Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне заңнаманы бұзуға және тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтіруге әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы ресми түрде алдын ала ескерту жолдады. 

Осы орайда Көлік қызметкерлері қауымдастығының  Астана қаласы бойынша Төрағасы Медет Құрманов, нарықтағы бәсекелестік ахуалын, тәуекелдерді және баға саясатын реттеудің тетіктерін «24KZ» тілшісімен бөлісті. 

Бүгінде Қазақстанның такси нарығы негізінен екі ірі цифрлық платформаға - Яндекс пен inDrive-қа тәуелді. Бұл компаниялар саланың цифрлануын жеделдетіп, жолаушылар тасымалының қолжетімділігін арттырды. Алайда нарықтың бірнеше ірі ойыншының қолында шоғырлануы жолаушылар, жүргізушілер және жалпы көлік жүйесі үшін белгілі бір тәуекелдер туғызады.

Жақында орын алған техникалық ақау саланың цифрлық платформалардың тұрақты жұмысына қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Дегенмен мәселе бір ғана техникалық ақаумен шектелмейді. Нарықта платформалар, тасымалдаушылар, жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін нақты әрі түсінікті ережелер қажет.

Қазіргі мемлекеттік реттеу жүйесі саланы тиімді бақылауды, тасымал қауіпсіздігін және әділ бәсекелестікті толық көлемде қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан біз, кәсіби қауымдастық өкілдері, өзін-өзі реттеу институттарын дамытуды ұсынамыз. Бұл - мемлекеттің реттеу және қадағалау өкілеттіктерін сақтай отырып, кәсіби стандарттарды, ішкі бақылау тетіктерін және нарық қатысушыларының жауапкершілігін күшейту деген сөз.

Такси нарығына жаңа цифрлық платформалар ғана емес, оның тұрақтылығын, ашықтығын, өркениетті дамуын және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін тиімді реттеу жүйесі қажет.

Жалпы, платформалардың осындай форс-мажор жағдайларды өз пайдасына асырып, тарифтерді шарықтатып жіберуін қалай реттеуге болады?

Қазақстанның такси нарығын қарастырғанда, қалалық және қалааралық жолаушылар тасымалын бөлек талдау қажет. Қалалық такси нарығында Яндекс басымдыққа ие. Ал қалааралық жолаушылар тасымалы нарығында, біздің бағалауымызша, inDrive жетекші орын алады.

Жақында Яндекс платформасында орын алған техникалық ақау ең алдымен қалалық такси қызметіне әсер етті. Жолаушылардың едәуір бөлігі бір мезгілде балама қызмет іздеп, inDrive платформасына жүгінді.

Алайда inDrive мұндай көлемдегі сұраныстың күрт артуына дайын болмады. Жолаушы қосымшаға тіркеліп, бірден тапсырыс бере алады. Ал жаңа жүргізушіні жүйеге қосу үшін құжаттарын жүктеу, жүргізуші мен автокөлікті тексеру сияқты рәсімдерден өту қажет. Бұл процесс 24 сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Нәтижесінде сұраныс пен ұсыныс арасында уақытша теңгерімсіздік қалыптасты. Жолаушылар мен тапсырыстар саны күрт артқанымен, қолжетімді жүргізушілер саны дәл сондай жылдамдықпен көбейе алмады. Соның салдарынан көлік күту уақыты ұзарып, жол жүру құны өсті.

Бұл жағдай нарықтың жоғары деңгейде шоғырланғанын ғана емес, сонымен қатар балама платформалардың ірі оператор жұмысында ақау туындаған кезде сұранысты жедел қабылдау мүмкіндігінің шектеулі екенін де көрсетті.

Сұраныстың күрт артуы және бос автокөліктердің жетіспеуі жағдайында жол жүру құнының өсуі - нарықтық заңдылық. Алайда мұндай өсудің де ақылға қонымды шегі болуы тиіс.

Базалық тарифтер нарықтық жағдайда қалыптасуы қажет. Сонымен қатар сұраныс шамадан тыс артқан, төтенше жағдайлар немесе жаппай техникалық ақаулар орын алған кезеңдерде бағаны көтеру коэффициенттеріне шектеу енгізу керек. Бұл мемлекет тарапынан тұрақты тарифтер белгілемей-ақ, жол жүру құнының негізсіз бірнеше есе қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бағаның қалыптасу тетіктері ашық болып, белгіленген талаптардың сақталуына бақылау жүргізілуі тиіс. Нақты реттеу шараларын мемлекеттік органдар, цифрлық платформалар және кәсіби қауымдастық бірлесіп, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту аясында әзірлеуі қажет. Басты мақсат -  жолаушылардың, жүргізушілердің және цифрлық платформалардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету.

Жауын шашын, аязда немесе қар жауған күндері таксидің бағасы күрт өседі, бұл немен байланысты?

Жаңбыр, қар жауған немесе қатты аяз болған күндері такси бағасының қымбаттауы ең алдымен сұраныстың артуына, қолжетімді автокөліктер санының азаюына және жол қозғалысының қиындауына байланысты. Көлік кептелістерінің салдарынан жол жүру уақыты ұзарып, жүргізушілер бір ауысымда бұрынғыдан аз тапсырыс орындайды.

Цифрлық платформалар жүргізушілерді жұмысқа тарту және сұранысты реттеу мақсатында динамикалық баға белгілеу жүйесін қолданады. Алайда тарифтің өсуі жүргізушінің табысы да міндетті түрде артады дегенді білдірмейді. Қосымша шығындар мен орындалатын тапсырыстар санының азаюы оның нақты табысын төмендетуі мүмкін.

Біздің ойымызша, динамикалық баға белгілеуді нарықтық құрал ретінде сақтау қажет, бірақ оны қолдану тәртібі реттелуі тиіс. Атап айтқанда, бағаны көтеру коэффициенттеріне ақылға қонымды шектеулер енгізіп, тарифтердің қалыптасу ашықтығын қамтамасыз ету және жолаушылардың мүдделерін қорғау маңызды. Бұл ережелерді мемлекет, цифрлық платформалар және кәсіби қауымдастық бірлесіп әзірлеуі қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: