Қазақстанда ұлттық бейнебақылау жүйесінің операторы анықталды
Қазақстанда ұлттық бейнебақылау жүйесінің операторы болып «Қазақтелеком» АҚ белгіленді. Тиісті қаулыны Үкімет қабылдады, деп хабарлайды 24KZ.
Құжатқа сәйкес, ұлттық бейнебақылау жүйесі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыспен күресуге бағытталған.
«Қазақтелеком» компаниясы «Киберқауіпсіздік туралы» заңның 6-бабына сәйкес оператор болып белгіленді.
Қаулы 2026 жылғы 19 қазаннан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Парламенті цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көлікте озық технологияларды енгізу мәселелеріне қатысты өзгерістерді көздейтін заң қабылдаған. Бұл құжат бірыңғай ұлттық бейнебақылау жүйесін қалыптастырудың құқықтық негізін жасайды.
Жүйені енгізу қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтіп, қылмыспен күресудің тиімділігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.