Қазақстан Қарулы күштері үшін 200-ден астам әскери дәрігер даярланып жатыр
Қазақстанда және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында 200-ден астам болашақ әскери дәрігер білім алып жатыр. 2027 жылы олардың алғашқы түлектері Қарулы күштердің әскери-медициналық бөлімшелеріне жұмысқа кіріседі, деп хабарлайды 24KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Болашақ мамандардың басым бөлігі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында оқиды. Қазір мұнда 150-ден астам курсант әскери дәрігер мамандығын меңгеріп жатыр. Олардың 80-нен астамы – қыздар. Курсанттар медициналық пәндерді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқиды. Олардың барлығы мемлекет есебінен толық қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, 50-ден астам болашақ әскери дәрігер Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Әскери медицина саласын білікті мамандармен қамту үшін Қорғаныс министрлігі мақсатты білім беру гранттарын да бөліп келеді. Осы бағдарлама аясында С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Астана медицина университетінің резидентурасында дәрігерлер даярланады.
Олар хирургия, анестезиология және реаниматология, терапия, рентгенология және клиникалық зертханалық диагностика бағыттары бойынша маманданады.
Әскери-медициналық мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жас мамандарды тарту бағдарламасы осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 16 адам білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтағаннан кейін біздің бөлімшелерде қызметін жалғастырады, – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.
Резидентурада мамандар даярлау Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен жұмысы аясында қаржыландырылады. Бұл әскери-медициналық бөлімдерге қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да Қазақстанның және шетелдердің медициналық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жалғасады. Бұл Қарулы күштерді түрлі бағыттағы білікті дәрігерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.