Қарағанды облысында бала құқығын қорғау бойынша 80 өтініш қаралды
Биыл Қарағанды облысында балалардың құқығын қорғау басқармасына жасөспірімдердің өзінен 80-нен астам өтініш түскен.
Басым бөлігі отбасылық жанжалға қатысты. Балаларға көмек көрсету үшін психологтар мен басқа да қызметтің мамандары жұмылдырылды.
Мүгедектігі бар балалардың құқығы да назарда. Оларға жәрдемақы тағайындалып, оңалтуға арналған құрал-жабдықтар беріледі. Денсаулығы, әлеуметтік мәртебесі мен отбасылық жағдайына қарамастан барлық бала тең құқылы. Ол үшін қандай кепілді көмектер бар?
Диана туабітті мүгедектігі бар төрт жасар қызын тәрбиелеп отыр. Бүлдіршіннің дамуына ерекше күтім қажет. Отбасы мемлекеттен жәрдемақы, сондай-ақ күтіміне байланысты төлем алады. Бұл қаражат оңалту шараларына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге жетеді.
Диана, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Қызыма тұрақты түрде күтім қажет. Оны үнемі оңалту орталығына, мамандарға апарып отырамын. Мемлекеттен берілетін 94 мың теңге жәрдемақыны соған жұмсаймын. Сондай-ақ бала күтімімен отырғаным үшін 82 мың теңге аламын. Бала өскен сайын қажеттілік те арта түседі екен.
Облыста мүгедектігі бар бес мың алты жүзден астам бала мемлекеттен қолдау алады. Мүгедектік белгіленгеннен кейін жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады. Сондай-ақ ата-анасына бала күтіміне байланысты төлем беріледі. Қосымша қолдау шараларын алу үшін электронды сервистер арқылы, халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өтініш беруге болады.
Ләззат Бименова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
– Мүгедектігі бар балаларға арнайы техникалық және компенсаторлық құралдар беріледі. Олардың қатарында протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдар бар. Сондай-ақ міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Ал шипажайда емделу қызметін өңір бойынша 731 бала пайдаланып отыр.
Мемлекет арнайы санаттағы отбасыларға ғана емес, өмірлік қиын жағдайда қалған жандарға да көмек береді, дейді жауаптылар. Банкротқа ұшыраған немесе тұрмыста зорлық-зомбылық көргендер отбасын қолдау орталығына жүгіне алады. Орталық мамандары қалыптасқан жағдайды шешуге, қажетті құжаттарды рәсімдеуге, заңгерлік және психологиялық көмек алуға жәрдемдеседі. Тіпті қайрымдылық қоры арқылы әлеуметтік қолдау да көрсетіледі.
Аида Ысқақова, отбасын қолдау орталығының басшысы:
- Құзыретті органдармен бірлесе отырып көмек көрсетеміз. Мысалы, поликлиникада бізде әлеуметтік мамандар бар ғой. Олар көреді қиын жағдайда болып жатқан адамдарды. Олар жаңағы ақпараттық жүйе «FSM Social» арқылы сигнал жібереді.
Егер баланың құқығы бұзылса, мектепте немесе үйде қысым көрсе, балалардың құқығын қорғау басқармасына жүгіне алады. Ведомство мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мамандарға 80-ге жуық өтініш түскен. Олардың басым бөлігі отбасындағы жанжалға қатысты. Мұндай жағдайларда мамандар психологтарды тартып, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істейді.
Баян Нұртаева, балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы:
– Мектептерде QR-кодтар орнатылған. Балалар телефондарын соған бағыттаса, мектеп туралы ақпарат шығады. Ал республикалық орталықта оператор бірден жауап береді. Онда психологтар да бар. Олар балаларға дереу көмек көрсете алады. Егер мәселе буллингке немесе отбасындағы жанжалдарға қатысты болса, ақпарат бізге жолданады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, елімізде соңғы екі оқу жылында мектептерде орнатылған QR-кодтар арқылы балалардан 167 мың хабарлама түскен. Сондай-ақ «111» байланыс телефонына өтінішпен 4 мыңнан астам оқушы хабарласқан. Бұл балаларға қатысты мәселеларді жедел шешуге мүмкіндік берді, дейді жауаптылар.
Авторлары Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков