Астанада робот-иттер қоғамдық тәртіпті күзетуге кірісті

Policia kz.

Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бақылау мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізуде. Елорда көшелері мен халық көп шоғырланатын орындарда төрт бірдей робот-ит қызметке кірісті, деп хабарлайды  «24KZ». 

Робот-иттер қайда және қалай жұмыс істейді?

Қазіргі уақытта бұл робот-иттер адам көп жиналатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп жатыр. Олар полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі ахуалды бақылауға тікелей көмек көрсетуде.

Құрылғылар заманауи бейнекамералармен және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Олар айналадағы жағдайды қадағалап қана қоймай, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде тікелей Жедел басқару орталығына (ЖБО) жіберіп отырады. Бұл өз кезегінде полицияға оқиғаларға жедел баға беріп, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Іздеуде жүрген адамдарды анықтай алады

Технологияның ең маңызды мүмкіндіктерінің бірі – іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға көмектесу. Робот-иттерге интеграцияланған жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті автоматты түрде сәйкестендіреді.

Егер жүйе іздеуде жүрген азаматты анықтаса, Жедел басқару орталығына дереу автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі. Бұл полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырып, құқық бұзушыларды ұстау жұмысына қосымша қолдау көрсетуде.

Астана қаласының полициясы алдағы уақытта да қауіпсіз қала тұжырымдамасы аясында ықтимал қауіптердің алдын алу, оқиғаларға дер кезінде әрекет ету және әрбір азаматтың тыныштығын қорғау үшін осындай заманауи технологияларды қолдануды жалғастырмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: