Қазақстандық ғалымдар 1959 жылы табылған күміс бас киімді зерттеп жатыр
Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған күміс бас киімге технологиялық зерттеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Мамандар рентгендік-флуоресценттік талдау әдісі арқылы металдың құрамын анықтап, бұйымның жасалу ерекшеліктері туралы жаңа ғылыми деректер жинауды жоспарлап отыр.
1959 жылы табылған бас киім музей қорындағы құнды экспонаттардың бірі ретінде сақталып келеді.
Алдын ала талдау нәтижелері бойынша бұйым құрамындағы күмістің үлесі шамамен – 97 пайыз. Бұл көрсеткіш сол кезеңдегі металды өңдеу мен тазарту технологияларының деңгейін зерттеуге мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде ғалымдар бас киімнің жасалу тәсілдерін зерделеп, оның жұқа әрі нәзік құрылымын қалыптастыруда қандай технологиялар қолданылғанын анықтамақ.
Жәдігердің бүгінгі күнге дейін сақталуы да зерттеушілердің назарын аударып отыр. Табиғи-климаттық жағдай әсерінен күміс бұйымдар уақыт өте келе бүлінуі мүмкін. Ал бұл бас киімнің кейбір бөліктерінің қалыңдығы не бары бірнеше миллиметрді құрайды. Мамандардың бағалауынша, Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бұйымдардың әзірге табылмауы да оның ғылыми құндылығын арттыра түседі.
Музей мен Марғұлан университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық жәдігерді жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Металл құрамын анықтаумен қатар ғалымдар бас киімнің ықтимал шығу тегін де зерделемек. Талдау нәтижелері мүмкіндік берген жағдайда бұйымды жасауға пайдаланылған күмістің шикізат көзі мен кен орнын анықтау мәселесі де қарастырылады.
Заманауи ғылыми әдістер өткен дәуірлердегі технологиялық жетістіктерді де тереңірек түсінуге жол ашады. Көне күміс бас киімді зерттеу мәдени мұраны сақтау, тарихи деректерді нақтылау және ұлттық тарихтың тың қырларын ашу бағытындағы маңызды ғылыми қадам болмақ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз