Елімізде 42 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды
Облыс әкімдіктерінің мәліметінше, елімізде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал азығының барлық түрінен 42 млн тоннадан астам қор дайындады, деп хабарлайды «24KZ».
Биыл 26,9 млн тонна пішен жиналды. Бұл жоспардың 104,8%-ын құрайды. Сонымен қатар 2,3 млн тонна пішендеме (жоспардың 99,4%-ы), 2,9 млн тонна сүрлем (101,8%), 4,9 млн тонна сабан (103,4%) және 5,5 млн тонна құнарландырылған мал азығы (95,8%) дайындалды.
Мал азығының жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы алдағы қыс мезгілінде қосымша қор қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл қолайсыз ауа райы кезінде мал шаруашылығы кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Бұдан бөлек, шаруашылықтарда өткен қыстаудан қалған 3,6 млн тонна мал азығы бар. Бұл қор да мал шаруашылығының қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мал азығымен қосымша қамтамасыз ету үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ алдағы қысқы кезеңге арнап жемдік астық қорын қалыптастырады. Қажет болған жағдайда бұл қор резервтік ресурс ретінде пайдаланылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының қорытынды кезеңіне мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.
Атқарылып жатқан жұмыстар шаруашылықтарды жеткілікті азықтық базамен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы кезеңді тұрақты өткізуге бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз