Қазақстанда 200-ден астам адам жәрдемақыдан бас тартты
Қазақстанда SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді материалдық жағдайы жақсы азаматтар жәрдемақыдан бас тарту туралы өтінішті eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн бере алады. Қазір осыған арналған арнайы сервис әзірленіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктер әл-ауқаты жоғары деп танылған отбасылардың жағдайын қосымша тексеріп жатыр. Үкімет басшысы отбасының әл-ауқатын анықтайтын калькуляторды жетілдіріп, банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосуды жеделдетуді тапсырды.
Бұдан бөлек, жергілікті деңгейдегі 66 әлеуметтік көмек шарасы қайта қаралып, 38-і оңтайландырылды, қалған 28-і бірыңғай талаптары бар 13 бағытқа біріктірілді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақылар отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Жаңа талаптар А және В санаттарына жататын жәрдемақы алушыларға қатысты болады.