Қарағанды облысында жеті мың адам «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды

Қарағанды облысында 7 мың адам «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды.

Қатысушылардың басым бөлігі жастар. Биыл жоба форматы өзгерді. Ұйымдастырушылар бір реттік байқаудың орнына алты айға созылатын марафонды ұсынды. Мақсаты кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру. TikTok, жасанды интеллект және қысқа контент дәуірінде кітапты оқушылар азайып кеткен жоқ па? Марафонның маңызы неде? 

Интернет пен жасанды интеллект дәуірінде де кітап кейбір жастар үшін білім мен шабыттың көзі.  Бұл көңіл қуантады. Гүлмира Бахадирова филология факультетінің үшінші курс студенті. Ол кітап оқуға бесінші сыныптан бастап қызыққан. Айтуынша, кітап адамға әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.

Гүлмира Бахадирова, филология факультетінің студенті:

- Кітап оқу негізі адамға жаңа мүмкіндіктерді ашады. Біз дүниеге бір қырынан ғана қараймыз ғой. Ал кітап оқыған адам оған әртүрлі қырынан қарай бастайды. Біздің замандастар кітап оқиды. Бірақ көбінесе электронды кітаптар өте көп оқиды. Енді заман талабы сондай. Бірақ мен өзім кітапты дәстүрлі түрде қолға алып оқығанды ұнатамын.

Интернеттен шығарманың қысқаша мазмұнын бірнеше секундта табуға болады, ал TikTok-та кітаптар туралы қысқа бейнероликтер өте көп. Алайда олар  кітапты қолға ұстап оқуды алмастыра алмайды, дейді, Қарағанды ұлттық зерттеу университеті  филология факультетінің  ұстаздары. Мұндағы кітапханада сирек басылымдарды қоса алғанда бір миллион кітап сақталған. Олардың арасында XIX ғасырда жарық көрген туындылар да бар. Ұстаздардың пікірінше, «Кітап оқитын ұлт» марафоны жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға және кітап оқу әдетін қалыптастыруға көмектеседі.

Әйгерім Қаппасова, филология факультеті деканының орынбасары:

- Менің ойымша, жоба мақсатына жетіп жатқан сияқты. Байқаймыз біздің жастар білім алумен қатар қосымша өздері осы кітапханада кітаптарын оқып, кәдімгідей іздену үстінде. Яғни бұл жоба арқылы біздің студенттерімзідің интеллектуалды әлеуетінің жақсарғанын байқай аламыз.

Мемлекет басшысының ұсынысынан соң «Кітап оқитын ұлт» ағартушылық байқауы алғаш рет Қарағанды облысында үйымдастырылды. Бүгінде бұл жоба республикалық деңгейде кең қанат жайып, маңызды зияткерлік  шаралардың біріне айналды. Биыл өңірде жобаға жеті мың қатысушы тіркелді. Алты ай ішінде олар 15 кітап оқып, шығармаға пікір жазып, ұпай жинауы тиіс.

Аида Есеналина, "Кітап оқитын ұлт" марафоны облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Марафонның ең басты мақсаты - бізде халықтың арасында кітап оқуға деген ынта мен тұрақты дағды қалыптастыру. Өйткені біздер алты ай бойы осындай кезеңдерден өтеміз. Ол психологиялық тұрғыдан да дәлелденген зат. Өйткені осындай бірнеше қайталаудан өткеннен кейін барып дағды қалыптасады.

Биыл алты айлық марафон форматына ауысқан жобаға ел бойынша 1 миллион 300 мың адам қатысып жатыр. Марафонда мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар және мемлекеттік қызметшілер бақ сынайды. Жеңімпаздар республикалық кезеңге қатысады.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: