Ақтөбе облысында 6,7 млн түп көшет егіледі
Ақтөбе облысында күзгі ағаш егу науқаны басталды. Биыл өңірдегі орман шаруашылықтары 6 млн 700 мың түп көшет егуі тиіс, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін елдегі орман қорына 2 млрд ағаш егуді тапсырған болатын. Оның 65 млн-ы Ақтөбе өңіріне тиесілі.
Ақтөбе орман шаруашылығы биыл 650 гектар аумаққа көшет егуі тиіс. Көктемде орманшылар 167 гектарды игерген. Қазір мамандар Сазды ауылы маңындағы иен даланы жыртып, 70 гектар жерге жасыл желек егуге кірісті.
Мансұр Есқожин, тілші:
– Қарағаш көшеттерінің барлығы жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Мәселен, мына бір бумасында шамамен үш жүз түп бар. Орманшылар 60-70 см-ге жеткен жас көшеттерді ғана егеміз дейді. Себебі олар тез жерсініп, бірден бой алып өсіп кетеді.
Орманшылар қосында 20 ауыр техника жүр. Көшет егу жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады. Қар түскенге дейін 483 гектар алқапты игеру қажет.
Бекет Жадырасынов, «Ақтөбе» орман шаруашылығы директорының орынбасары:
– Келесі жылы күзде бұларға инвентаризация жасаймыз. Яғни ағаштардың жерсіну деңгейін анықтап, олардың өсуін бақылап, қадағалаймыз. Одан бөлек, тракторлармен механикалық әдіспен күтім жасау, механикалық жолақтар жүргізу сияқты жұмыстар атқарылады. Нормаға сәйкес бес жылдан кейін ағаштардың биіктігі бір жарым метрге жеткен жағдайда, оларды мемлекеттік орман қорына өткізу көзделген.
Күзгі ағаш егу науқанына Ақтөбе облысындағы 9 орман шаруашылығының барлығы да кірісті. Биылғы меже – 6 млн 700 мың көшет. Оның ішінде Арал теңізі маңындағы Шалқар және Байғанин аудандарында сексеуіл егіледі. Бұл ағаштар құм көшкінін тоқтатуға септігін тигізеді.
Наурызбай Назарбайұлы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:
– Шалқар өңірінде биыл 940 гектар жерге сексеуіл ағашы отырғызылды. Байғанинде күзгі ағаш отырғызу жүргізіледі. Ол жерде 50 гектар жерге отырғызылады. Көшетін «Шалқар» орман шаруашылығында өсіріп, шығарамыз. Ол жерде екі млн-ға жуық көшет өсіріледі.
Президент тапсырмасына сай Ақтөбе облысында 65 млн көшет егу қажет. Қазір бұл жоспардың 70 пайызы жүзеге асты. Орманшылар 2026-2027 жылдардағы ағаш егу маусымында көздеген межені еңсереміз деп отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов