Бас қалаға базарлық: «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жолы елордаға Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының шаруалары 1 мың 600 тоннадан астам азық-түлік өнімін әкелген. «Олар нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен», – дейді ұйымдастырушылар.
Күзгі жәрмеңке – жыл сайынғы дәстүрге айналған берекелі іс-шара. Әр аптаның сенбі, жексенбісі елордалықтар осында. Биыл 19 қыркүйекте басталған азық-түлік мерекесі осы апта бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының ішінде теріскейлік шаруалар ең көп тауар алып келген. Олар астаналықтарға 1 мың тоннадан астам өнім ұсынып отыр.
Дәурен Тоқужинов, СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жәрмеңкеге облыстың барлық 13 ауданы түгел қатысып жатыр. Өнім өндірушілер мұнда делдалсыз тікелей өздері сата алады. Бұл оларға да әрі халыққа да өте тиімді. Соған сай сұраныс та өте жоғары. Таңнан бері астаналықтар біздің етті, жұмыртқа мен ұнды сатып алуға кезекке тұрғаны қуантты.
Иә, жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың. Оны түсінуге де болады. Себебі әр өңірдің өзіне тән дәмі бар. Мәселен, Павлодардан жұртшылық Ертістің балығы мен көкөністер алуға тырысса, Ұлытаудың шұбаты мен қымызы, құрт, ірімшік, қаймағы тіл үйіреді. Ал солтүстік ет пен ұнға бай.
Лаура Мамырбекқызы, қала тұрғыны:
– Осы жәрмеңкедегі Петропавл өңірін өзім қатты күттім. Мамлют ауданының ұндары жақсы. Бір жылға алып аламын, одан кейін бір жыл пайдаланамын. Картоп, сәбіз алдым. Осындай жәрмеңке болып жатқанына рақмет. Қыс бойы өзіміз жинап аламыз. Қыс бойы бізге азық.
Аталған үш облыстың жәрмеңкесі ертең де жалғасады. Ал келесі аптада Астанаға Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін алып келеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Бағдат Қайыркен