Алматы облысында камералардың көмегімен 940 қылмыс ашылды

Биыл Алматы облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 940 қылмыс ашылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бүгінде өңірде тоғыз мыңнан астам камера жұмыс істейді. Бейнебақылау жүйесі қылмысты ашуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі, деп хабарлайды 24KZ.


Көшедегі әрбір қозғалыс, қоғамдық орындардағы әрбір оқиға бейнебақылау камераларының назарынан тыс қалмайды. Алматы облысында мұндай 9 416 камера орнатылған. Олар адам көп шоғырланатын көшелер мен сауда орталықтарынан бастап, шалғай елді мекендерге дейінгі аумақты қамтиды. Қажет сәтте камераға түскен бейне қылмыстың бетін ашуға сеп болады.

Мөлдір Байғұтова, Қонаев қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, бұл — өте дұрыс шешім. Себебі бейнебақылау камералары көптеген қылмыстарды ашуға және жалпы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен көмегін тигізеді. Камералар орнатылғаннан кейін балаларды да сабаққа алаңдамай жіберуге, аулада еркін ойнауына мүмкіндік бар. Өйткені әлеуметтік желілерден де көріп жүрміз, бейнебақылау камераларының көмегімен көптеген қылмыстар ашылып жатыр.

Гүлнұр Хантай, Қонаев қаласының тұрғыны:

– Меніңше, бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте жақсы шешім. Камералар көлік қозғалысын бақылауға, жол-көлік оқиғаларын анықтауға және ең бастысы, балаларымыздың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Қандай да бір қылмыс орын алған жағдайда, бейнебақылау камералары арқылы күдіктілерді іздестіріп, оқиғаның қалай болғанын анықтауға болады.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері камералардың көмегімен ашылған қылмыстар саны үш есеге артқан. Ал биылғы сегіз айда өңірдегі жалпы қылмыс деңгейі 6 пайызға төмендеді. Көшедегі қылмыс 15 пайызға, қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар 20 пайызға азайған.

Арнат Сүлейманов, Алматы облысы Полиция департаменті жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:

– 102 пультіне қандай да бір оқиға туралы хабарлама түскен кезде, бейнебақылау инспекторы бірден іске кіріседі. Ол оқиға болған жерге жақын орналасқан камералардың жазбаларын қарап, мән-жайды анықтайды. Сонымен қатар облыста бет-әлпетті тану жүйесімен жабдықталған 370 камера бар. Олардың көмегімен іздеуде жүрген адамдарды жедел анықтауға мүмкіндік бар.

Облыстағы мектептер мен балабақшаларда орнатылған 20 мыңнан астам камера да осы жүйеге қосылған. Олардан түсетін бейне орталыққа жолданып, мамандар білім беру ұйымдарындағы жағдайды қадағалайды. Алдағы уақытта жүйеге жеке нысандардағы камераларды да қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жоңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: