Шымбұлақта бес жүзден астам шырша егілді

Алматы тау кластерінің құрамына кіретін Шымбұлақта дәстүрлі Shyrshaly жобасы жалғасын тапты. Шара барысында тау беткейіне 560 Тянь-Шань шыршасы егілді. Бастама Іле Алатауының табиғи байлығын сақтауға және тау туризмін қоршаған ортаны сақтай отырып дамытуға бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.


2011 жылы Алматыда қатты дауыл соғып, тау ормандарында 80 мыңнан астам ағаш құлаған болатын. Шымбұлақ курортының Shyrshaly экологиялық акциясы сол зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіруді көздейді. Шырша егу акциясына қала әкімдігінің өкілдері, табиғатты қорғау ұйымдарының мамандары, ЮНЕСКО клубтарының мүшелері мен жастар қатысты.

Ғалия Тоқсейітова, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы:

– Алматы тау кластерін дамыту аясында бұл – өте маңызды бастама. Алматының әр шатқалында осындай экологиялық акциялар ұйымдастырылмақ. Жақында Көк-Жайлауда осындай шара өтті, бүгін Шымбұлақта ағаш отырғызып жатырмыз. Ал алдағы уақытта Бұтақты шатқалында да осындай акция өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тау туризмін дамыту табиғи ортаны қорғаумен қатар жүруі керек. Сондықтан экологиялық шаралар Алматы тау кластерін дамыту жұмыстарының маңызды бөлігіне айналып отыр. Былтыр егілген 500 шыршаның 90 проценті тамыр алып, өсіп тұр.

Ринат Абдрахманов, Shymbulak курортының бас директоры:

– Былтыр 500 ағаш отырғыздық, ал биыл оның санын екі есе арттырып отырмыз. Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі серіктестеріміздің қолдауының арқасында бұл бастама дәстүрге айналады деп сенеміз. Ұлттық парк бізге арнайы тәлімбақта ағаш көшеттерін өсіреді, ал біз оларды жыл сайын отырғызамыз.

Экологиялық акция аясында жастардың табиғатты қорғау бағытындағы жобалары таныстырылды. Ал ағаш егу жобасы 31 қазанда Бұтақты және Кімасар шатқалдарында жалғасады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: