Қызылорда облысында сотталғандар еңбеккке тартылды
Қызылорда облысындағы түзеу мекемелерінде 26 шағын өндіріс орындары жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Осылайша жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылып, жаңа кәсіп меңгеруде. Бүгінде олар арнайы киімнен бастап, жиһазға дейін түрлі өнім шығарады. Еңбекпен қамту сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Мекемеде 11 өндірістік цех жұмыс істейді. Тігін цехында арнайы киім мен тоқыма бұйымдары өндіріледі. Сондай-ақ құрылыс блоктарын шығаратын, дәнекерлеу және ағаш өңдеу цехтары бар. Ал ротангтан жиһаз жасау өндірістің жаңа бағыттарының бірі. Сотталғандар бұл технологияны енді меңгерген. Бақшаға арналған жиһаз жиынтықтары қолмен жасалады. Сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді.
Мақсұт Өтетілеуов, қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеменің бастығы:
- Басты міндетіміз сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу. Еңбек дұрыс жолға түсуге көмектеседі. Бүгінде сотталғандарды жұмыспен қамтып, олардың тапқан табыстарын, жалақыларын бірінші кезектегі сот шығындарын өтеуге, отбасылары, бала-шағасы, ата-аналарына аударуға мүмкіндік береді.
Мемлекет кәсіпкерлерге өндіріс ұйымдастыруға арналған дайын орын мен жұмыс күшін ұсынады. Ал өндірісті ашып отырған кәсіпкерлер шикізатпен, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дайын өнімді өткізеді. Мұндай әріптестік өндірісті дамытуға, сотталғандарды еңбекке баулуға мүмкіндік береді.
Нұрымжан Құттымұрат, кәсіпкер:
- Мен осы жерге келгеніме 6 ай болды. Жеке кәсіпкер ретінде кәсібімді ашып, осы жерде жұмысымды дамытып жатырмын. Техникамды әкеліп жатырмын, оған еш өкінбеймін, тағы да қосымша ашқым келіп жатыр. Шағын заттарымызға сұраныс көп.
№60 мекемеде мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың жартысынан астамы өндіріс орындарында еңбек етеді. Жұмыс барысында сотталғандар кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, болашақта еркін өмірге оралған соң қажет болатын мамандықтарды да меңгеруде.
Жазасын өтеуші:
- Мен бұған дейін металл дәнекерлеуді де, жиһаз жасауды да, жалпы ағашпен жұмыс істеуді білмейтінмін. Осында металл дәнекерлеуді ағашпен қалай жұмыс істеуді, жиһаз құрастыруды үйрендім. Осылай жұмыс істеп жүрген кезде күннің қалай өтіп кеткенін байқамай қалады екенсің. Ең бастысы, жұмыс істеп отбасыма, жақындарыма көмектесетін мүмкіндіктер бар.
Айта кетейік, алдағы уақытта өңірдегі түзеу мекемелерінде өндірістік цехтар мен жұмыс орындарының санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл сотталғандардың еңбекке араласуына, кәсіп меңгеруіне және қоғамға қайта бейімделуіне жол ашпақ.
Авторлары Рүстем Қайратұлы, Нұржан Музарапшин