Атырау облысында салынып бітпеген тұрғын үйлер апатты деп танылды
Атырау облысында тұрғын үйлердің құрылысы бітпей жатып, апатты деп танылды. Исатай ауданы, Аққыстау ауылындағы 60 пәтерлік 3 тұрғын үй мен Мақат кентіндегі дәл сондай бір үйдің жыры бітер емес. Бірнеше жыл бұрын баспанаға қол жеткіземіз деп үміттенген тұрғындар әлі күнге дейін пәтерін күтіп жүр. Құрылысы аяқсыз қалған нысандардың мәселесі енді қалай шешіледі? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Аққыстау ауылының тұрғыны Гүлнәр Малдыбаева 13 жыл бұрын баспана кезегіне тұрған. Жалғызілікті ана бес бала тәрбиелеп отыр. 7 жыл бұрын жаңа үйдің құрылысы басталғанда қуанған еді. Бірақ қуанышы көпке созылмады. Көпқабатты үш үйдің құрылысы тоқтап қалды.
Гүлнәр Малдыбаева, Аққыстау ауылының тұрғыны:
– Үйді жалдап тұрып келе жатқаныма 10 жыл болды. Қазір жалақым аз болғандықтан, жездемнің үйінде тұрып жатырмын. Қыздарым — студенттер. Қиын болып жүр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында басталған үш бірдей 60 пәтерлік тұрғын үй қазір қараусыз жатыр. Іргетасы жарылған. Құрылыс тоқтағаннан кейін қайта жанданған жоқ. Әкімдік міндеттемесін орындамаған мердігерді сотқа берген. Кейін арнайы ғылыми-зерттеу мекемесі нысандарды апатты деп танып, оларды бұзу жөнінде ұсыныс берді.
Мақат кентіндегі мына тұрғын үйдің де құрылысы аяқсыз қалды. 2021 жылы салынып бастап, 2023 жылы тоқтаған. Қазір іргетасы мен қабырғасында жарықтар пайда болған. Бір қызығы, екі аудандағы тұрғын үйлерді салған бір мердігер мекеме.
Әбілқайыр Қадыров, Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Мердігер мекеме өзінің міндетіне алған жұмыстарын толықтай орындамауына байланысты 2023 жылы келісімшарт аяқталды. 2024 жылы сол «Данстрой база лтд» ЖШС-нен тұрақсыздық айыбы өндірілді, 12 млн теңгедей.
Қазір әкімдік пен мердігер мекеме арасында сот процесі жүріп жатыр.
Руслан Жұмағазиев, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
– Мақат және Исатай аудандарындағы сапасыз салынған үйлерге қатысты қазір құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты нысандардың қазіргі жағдайы өзгеріссіз қалды. Олардың алдағы тағдыры тексеру нәтижелері бойынша шешіледі. Исатай ауданындағы үйлерге ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп, техникалық тексеру жүргізілді. Оларды апатты деп таныды.
Ал Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйді техникалық зерттеу жұмыстары жуырда басталады. Содан кейін ғана тұрғын үйдің тағдыры шешілмек. Апатты жағдайда екені расталса, бұзылады. Қазір өңірде көпқабатты 30-дан аса тұрғын үй салынып жатыр. Ал 40 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов