Дрондар, цифрлық жүйелер, жаңа техника: Қазақстанның құтқару қызметі қалай жаңарып жатыр

Фото: gov.kz

19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Өртке оранған ғимараттан адамдарды құтқару, тау шатқалында жоғалғандарды іздеу, тасқын мен сел қаупі төнгенде тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру – құтқарушылардың күнделікті міндеті. Олар өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігеді. Бүгінде еліміздің азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Биыл Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылғанына 31 жыл толып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Жыл басынан бері төтенше жағдайлар қызметтері шамамен 82 мың рет шақыртуға шыққан. Осы кезеңде 8,8 мыңнан астам адам құтқарылып, 10,3 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы 3,2 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген. Ал «112» қызметінің пультіне түскен қоңыраулар саны 4,2 миллионнан асты.

Құтқарушылардың жұмысы оқиға орнына жедел жетумен шектелмейді. Қауіп-қатерді алдын ала анықтау, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс бағыттары бойынша шамамен 25 мың тексеру жүргізілген.

Қауіпті ерте анықтауға көмектесетін технологиялар

Төтенше жағдайлардың алдын алуда цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Табиғи өрттерді ерте анықтауға арналған «Табиғат» жүйесі, су тасқынының ықтимал ауқымын модельдейтін «Тасқын» және «Талсим» құралдары мамандарға қауіптің алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Дағдарыс орталығына еліміздің сегіз өңірінде орнатылған орман өрттерін ерте анықтайтын 114 камерадан бейнеақпарат түседі. Бұдан бөлек, қауіпті өндірістік нысандардағы жағдай да қашықтан бақыланады. Қазір мамандар «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» АҚ және «Шалқия Цинк» ЖШС-нің 18 шахтасы мен кенішінен деректер алып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара байланысын жақсарту үшін KORDIS бірыңғай ведомствоаралық радиожелісі құрылған. Алдағы уақытта оған азаматтық қорғаудың 15 қызметін қосу жоспарланып отыр.

Дрондар бес мыңға жуық операцияға қатысты

Адамдарды іздеу, табиғи өрттерді бақылау және жетуі қиын аумақтарды тексеру кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде 242 дрон бар. Олардың 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған.

Жоғары ажыратымдылықтағы камералар мен тепловизорлар таулы, далалық және орманды аумақтарды, соның ішінде түнгі уақытта да тексеруге мүмкіндік береді. Арнайы бағдарламалық құралдар адамдарды, көлік және жүзу құралдарын танып, олардың қозғалысын бақылай алады.

Жыл басынан бері дрондар шамамен бес мың операцияға жұмылдырылып, олардың көмегімен 28 адам құтқарылған. Әуеден барлау кең аумақтарды жылдам тексеріп, жерүсті топтарын зардап шеккен адамдар болуы мүмкін жерлерге бағыттауға көмектеседі.

Құтқару авиациясы мен станциялар желісі кеңейіп келеді

Шалғай елді мекендер мен таулы аймақтарда авиация көмек көрсетудің ең жылдам жолдарының бірі саналады. Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық паркі 45 әуе кемесінен тұрады. Тікұшақтар мен ұшақтар іздестіру-құтқару операцияларына, табиғи өрттерді сөндіруге, әуеден бақылауға және науқастарды тасымалдауға пайдаланылады.

2026 жылдың басынан бері «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелерімен 2 735 ұшу орындалған. Оның 486-сы санитариялық авиацияға тиесілі. Осы рейстер аясында 466 науқас тасымалданған.

Биыл Балқаш пен Павлодар қалаларындағы екі авиациялық ангарды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Алматы маңында және таулы аймақтарда тікұшақ алаңдарының желісі дамып келеді. Биыл «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде, Талғар бөгетінде, «Аюсай» селден қорғау бөгетінде және Алматыдағы екі медициналық нысанда бес алаң салынған.

Өртке қарсы қорғаныс жүйесінде де өзгерістер бар. Елдегі 457 өрт сөндіру бөлімшесіне биыл 17 жаңа депо қосылды. Олардың жетеуі қысқа мерзімде тұрғызылатын, жеке құрамның қызмет атқаруына қажетті жағдайлары бар нысандар.

Ауылдық аумақтардағы қауіпсіздікті күшейту үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Еліміз бойынша 292 өрт сөндіру бекеті құрылып, олардың қызмет көрсету аймағына 900-ден астам елді мекен кіреді.

Су айдындарында 376 адам құтқарылды

Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл сегіз құтқару станциясы салынды. Соңғы екі жылда құтқару бөлімшелеріне 41 жылдам жүретін қайық берілген. Шомылу маусымында 241 мобильді құтқару тобы кезекшілік атқарған.

Маусым қорытындысы бойынша 376 адам құтқарылды. Олардың 125-і – кәмелетке толмағандар. Құтқарылғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда болған.

Каспий теңізіндегі құтқару мүмкіндіктері де кеңейтіліп жатыр. «Теңіз жасағы» үшін іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, соның ішінде мұнай төгінділеріне ден қоюға арналған мамандандырылған кеме сатып алынған. Алдағы уақытта мұнай төгінділерін жоюға арналған тағы төрт кемені алу жоспарланған.

Таудағы қауіптің алдын алу

Сел қаупін азайту үшін «Қазселденқорғау» мамандары биік таулы көлдерді, мұздықтарды, өзендер мен сел арналарын тұрақты бақылауда ұстайды. Инженерлік жұмыстармен қатар су айдындарының тереңдігі мен көлемін анықтайтын зерттеулер жүргізіледі.

Министрлік мәліметінше, жарылып кету қаупі бар мұздық көлдерден 3,5 миллион текше метр су шығарылған. Ең қауіпті көлдерде су деңгейін бақыланатын түрде төмендету үшін шамамен 50 сифондық құбыр орнатылған. Маусым қорытындысында бақыланатын мұздық көлдердің жарылуына және қауіпті сел ағындарының пайда болуына жол берілмеген.

Алматы облысы мен Алматы қаласының биік таулы аймақтарында ұзақ мерзімді кезекшілік үшін 12 модульдік тұрғын үй орнатылды. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында екі модульдік диспетчерлік пункт құрылды.

Техника жаңарып, қызметкерлерге қолдау көрсетілуде

2026 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен өрт сөндіру, құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарына арналған 87 бірлік техника сатып алынған. Сонымен қатар алты заманауи жүзу құралы, 976 бірлік жабдық пен жарақ алынған. Қызметкерлердің арнайы киімдері де жаңартылып, биыл 243 789 бірлік формалық киім сатып алынды.

Мемлекеттік резервтің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Арыс қаласында материалдық резервті сақтауға арналған база салу жобасы басталды. Ал «Алатау» оңтүстік базасында зардап шеккендерді уақытша орналастыру пункттері, қоймалар және күштер мен құралдарды басқаруға арналған штаб орналасатын кешен салу көзделген.

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. 2025 жылғы маусымнан бастап азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері, қызмет бабымен ауысқан кезде көтерме жәрдемақылар, жол жүру және мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу көзделген. Ақтау қаласында «112 Resort Aktau» ведомстволық демалыс орталығы ашылып, оның алғашқы жеті капсулалық үйі пайдалануға берілген.

Қазақстанның өртке қарсы және құтқару қызметтерінің тарихында қызметтік міндетін атқару кезінде 77 қызметкер қаза тапқан. Олардың ерлігі мен қызметтік борышына адалдығы ведомство тарихында ерекше орын алады.

Құтқарушылар күні – адам өмірін сақтап қалуға күн сайын күш салып жүрген мамандардың еңбегін дәріптейтін мереке. Бүгінде азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту, жаңа техникамен жабдықтау және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының барлығы бір мақсатқа – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адам өмірін сақтауға бағытталған.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: