Қазақстанда интернет-алаяқтық схемасын ұйымдастырған Қытайдың 13 азаматы анықталды

фото: ҰҚК

Қазақстанда халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген Қытайдың 13 азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды 24KZ.

ҰҚК мәліметінше, олардан компьютерлер, ұялы телефондар, «Starlink» спутниктік интернет жабдықтары және криптоәмияндарда сақталған ірі көлемдегі қаражат анықталған.

Шетел азаматтары Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұза отырып ел аумағында жүрген. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар барысында олар анықталып, ұсталған.

Тексеру кезінде шетелдіктердің Қазақстанда отырып, халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырғаны белгілі болған. Топтың әрекеттері Қазақстан резиденттері болып табылмайтын басқа елдердің азаматтарына қарсы бағытталған. Сонымен қатар, олардың қызметі шетелден үйлестіріліп отырған.

Іс бойынша қосымша тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігіндегі әріптестермен бірлесіп жүргізілген. Нәтижесінде ұсталғандардың кейбірі өз елінде осыған ұқсас әрекеттері үшін іздеуде жүргені анықталған.

2026 жылғы 16 қазанда Қытайдың 13 азаматы әкімшілік тәртіппен Қазақстан аумағынан шығарылып, одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін Қытайдың уәкілетті органдарына тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыз: