Атырауда кәріз жүйесі жаңартылып жатыр
Атырауда кәріз жүйесін жаңғырту жүріп жатыр. Қазір қаладағы 11 кәріз сорғы станциясы мен 33 шақырымнан аса желі жаңарып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық жоба аясында тағы 4 кәріз сорғы станциясын жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ кәріз желілерін жаңарту көзделген. Нәтижесінде кәріз жүйесінің тозу деңгейін екі есеге дейін төмендету жоспарланған.
Облыс орталығындағы кәріз желілерінің 90 пайызы тозған. Қазір жаңа тұрғын үйлер салынып, желіге жүктеме көбейіп барады. Сондықтан кәріз жүйесін жаңарту маңызды. Қала тұрғындары да бұл мәселеге алаңдайды.
Қаршыға Ерсайын, қала тұрғыны:
– Үйдің өзі жаңа болғанымен, ол ескі кәріз жүйесіне қосылып жатыр. Айналып келгенде, ескі кәріз жүйесіне жаңадан салмақ салып жатырмыз. Кәріз жүйелерін жеделдетіп, жоспарлы түрде ауыстыру керек.
Қазір қалада ескі және тозығы жеткен 33 шақырымнан аса кәріз желісі жаңартылуда. 31 учаске санация әдісімен жөнделіп жатыр. Бұған қоса 11 кәріз сорғы станциясы жаңғыртылуда. Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобасы аясында келер жылы тағы 4 кәріз сорғы станциясы жөнделеді. Бұған қоса тозып тұрған 57 шақырым кәріз желісі жаңартылмақ.
Мейірім Қалауи, «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің басшысы:
– Энергетикалық және коммуналдық секторды дамыту жөніндегі бағдарлама елімізде жүзеге асып жатыр. Оның аясында Атырау қаласында бірнеше жобаларды ұсынып, қазір қолдау тапты. Соның ішінде кәріз желілерін, кәріз сорғы станцияларын жаңғырту жұмыстары қаралған. Бұл қаладағы кәріз желілерінің тозуын 50 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік береді.
Келер жылы Амангелді елді мекенінде су тазарту ғимаратын жаңарту жұмысы қолға алынбақ. Бұдан бөлек, жаңа шағын аудандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мақсатында 24 учаскеде жобалау жұмыстары атқарылуда. Ал Жұлдыз және Геолог шағын аудандарына 70 шақырымға жуық желі жүргізілген.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов