Роман Письменский: қазақ тілін білу жедел қызметте әр секундты үнемдейді
Шымкенттік өрт сөндіруші Роман Письменский қазақ тілін жетік біледі. Тіл білудің пайдасын жұмыс барысында жиі көріп жүргенін айтады.
Өрт кезінде адамдармен тілдесіп, ойымды еркін жеткіземін, әрі мемлекеттік тілді білу азаматтық парызым - дейді. Үш жыл бұрын өрттен екі баланың өмірін сақтап қалған құтқарушы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Азаматтық қорғау майоры Роман Письменский төтенше жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтау мен құтқару жұмыстарын қадағалауға жауапты. Сондықтан ол күн сайын өрт сөндіру бөлімдерін аралап, арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың әзірлігін тексереді. Күрделі кезде офицерлердің кідіріссіз жұмыс істеуі үшін тиімді тәсілдерді тәжірибеге енгізеді.
- Бүгін кезекшілікте өрт болған жағдайда ең алғаш бүкіл күш пен құралды адам барлау және іздестіруге күштерді жібересіңдер. Техникалық қауіпсіздікті сақтаңыздар!
Роман Письменский мемлекеттік тілді бала кезінде әкесінен үйреніп, кейін қазақы ортада жетілдірген. Айтуынша, тіл білуі қызметтік міндетін жедел әрі мінсіз атқаруға мүмкіндік береді.
Осыдан үш жыл бұрын түтінге тұншыққан балаларды құтқарып, батылдығы мен кәсіби шеберлігін көрсетті. Осы ерлігі үшін мемлекеттік наградаға ие болды.
Роман Письменский, қалалық ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:
- Қазақ тілін білу маған өсу мүмкіндіктерін берді. Жалпы жеке құраммен бірге жұмыс істеу. Өйткені мен бұйрықтар беремін. Егер мен қазақ тілінде түскен ақпаратты қабылдамай, біреуге барып аударып уақыт жоғалту - жедел қызмет болмайды. Өрт сөндіру қызметінде әр секунд маңызды. Өйткені төтенше жағдай кезінде адамдардың өмірі секунд сайын өзгеруі мүмкін.
Төтенше жағдайда ақпаратты дұрыс түсініп, жедел әрекет ету адам өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етеді. Қала аумағындағы 13 өрт сөндіру бөлімінде мыңға тарта маман қызмет атқарады. Мұндай ұжымда мемлекеттік тілді меңгеру өзара түсіністік пен жұмыстың үйлесімділігін арттыруға септігін тигізді. Романның бастамасымен бұл құрылымның жедел-құтқару жасағы озық үлгідегі технологиялармен қамтылды.
Азиз Саипов, қалалық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының м.а:
- Алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласында Роман экшн камера арқылы өздерінің жұмыстарын ютуб каналдарында көрсеткен болатын. Осы идея бойынша қазір бүкіл Қазақстан қолдануда. Өте жақсы нәрсе. Себебі біздің өрт сөндіру барысында әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Өртті сөндіргеннен кейін әр өртке талдау жасаймыз. Осындай видео бізге көмектеседі.
Роман Письменский қоғамдық шаралардан да шет қалған емес. Жыл сайын қазақ тіліндегі қалааралық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Өлеңді мәнерлеп оқи білетін офицер үшін мемлекеттік тілді білу қызметтік қажеттілік қана емес, қоғаммен етене араласудың жолына айналды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов