Алматылық қария спортты жанына серік етіп алған
Алматылық Владимир Першин жетпіс жасқа таяса да спорттан қол үзген жоқ.
Қазір зейнеткер әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Өз ісімен өскелең ұрпақты салауатты өмірге баулып жүр. Қария белтемірде кейбір жастардың қолынан келмейтін күрделі жаттығуларды жасайды.
Владимир Першин спортқа бала күнінен жақын болды. Ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Ал зейнетке шыққан соң дене дайындығына ден қойды. Содан бері белтемірді серік етіп келеді. Жетпісті желкелеген қария 16 келі гір тасын беліне байлап, белтемірге бір деммен он рет тартыла алады.
Владимир Першин, зейнеткер:
- Менің жасым спортпен айналысуға кедергі емес. Оны өзім де дәлелдеп жүрмін. Кез келген адам спортпен айналыса алады. Бірақ оған ынта мен жігер қажет. Көбі сылтау іздейді. Содан кейін спортты кейінге қалдырып жатады.
Бүгінде Владимир Першиннің әлеуметтік желідегі парақшасында төрт мыңға жуық оқырманы бар. Ол блогында жаттығуларды дұрыс орындаудың жолдарын көрсетеді. Қарияның интернеттегі жазбаларын жүргізуге спорт блогері Самуил Пак көмектеседі. Екеуінің бірлесіп түсірген бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.
Самуил Пак, спорт блогері:
- Мені Владимир ақсақалдың дене бітімі мен шымырлығы қатты таңқалдырды. Осындай жаста мұндай күшке ие адамды алғаш кездестірдім. Бұған дейін ол секілді спортшыларды көрген емеспін. Сондықтан біздің видеолардың көп қаралым жинауы да заңды деп ойлаймын. Өйткені егде жаста күрделі жаттығуларды жасай алатын адамдар өте сирек кездеседі.
Владимир Першин үшін жас шектеу емес. Ол күн сайын өз мүмкіндігін таразылап, қозғалыстан қол үзбейді. Сондықтан қарияның қайраты көпке ой салады. Тіпті ол кейбір жастардан ширақ қимылайды. Ақсақалдың айтуынша, кез келген адам өз денсаулығына өзі жауапты.
Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев