СҚО-да құны 6 млрд теңге жедел жәрдем станциясы салынып жатыр
Солтүстік Қазақстанда заманауи жедел жәрдем станциясы салынып жатыр. Құны 6 млрд теңге болатын нысанның құрылысы былтыр қыркүйекте басталған. Қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінді. «Орталық келесі жылы пайдалануға беріледі», – дейді жауаптылар. Әзірге жедел жәрдем қызметкерлері бір ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ескі ғимарат 1905 жылы салынған. Бүгінде жедел жәрдем қызметі осы нысанда отыр. «Ғимарат тар болғандықтан бір кабинетті бірнеше мақсатта пайдаланамыз», – дейді мамандар.
Юрий Белоног, Жедел медициналық көмек орталығының директоры:
– Мысалы, бұл кабинетті жиналыс өткізуге де, қажетті жабдықтарды сақтауға да пайдаланамыз. Жұмыс аяғында үстелдерді шығарып, манекендерді кіргіземіз. Оқу-жаттығу сабақтары да осында өтеді. Яғни бір бөлмені 3-4 мақсатта қолданамыз.
Кабинет тапшылығынан бөлек, жедел жәрдем көліктері тұратын арнайы орын да жетіспейді. Біразы орталықтың сыртында тұрады. Жүргізушілердің айтуынша, қыстың қақаған аязында көліктерді оталдыру қиын. Қазір орталықта 12 жедел жәрдем бригадасы бар.
Екатерина Сотникова, бөлім жетекшісі:
– Бұрын бұл ғимарат ат қора болған. Кейін жедел жәрдем орталығына айналды. Бүгінде тәулігіне 500-ге жуық қоңырау түседі. Қызметкерлердің барлығы тәжірибелі. Алайда қажетті жағдай жасалмаған. Ғимарат ескі, жыл сайын көктемде шатырдан су ағады.
Жаңа орталық ашылған кезде, бұл проблемалар толық шешімін табады. Петропавлдың Қопай шағын ауданында төрт қабатты кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 6 млрд теңге бөлінсе, басым бөлігі республикалық бюджеттен берілді. Жаңа орталық жылына 100 мың адамға қызмет көрсетуге қауқарлы болады. Мұнда медицина мамандарының біліктілігін арттыратын симуляциялық оқу орталығы қарастырылған.
Гүлнәр Қалиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
– 20 көлікке шақталған гараж орналастырылатын болады. Оның ішінде қоймасы бар. Жанар-жағармай, жөндеу жұмыстарын жүргізетін орындар бар. Жалпы бір жарым гектар жерді алып жатыр. Қазіргі кезде фундаменті құйылу үстінде. Жері дайындалып, балота саз-балшығы кептіріліп, іргетасы қалануда.
Жаңа орталықты келесі жылдың қысында пайдалануға беру жоспарланған. Осылайша, жедел жәрдем қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайы жасалады.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков