Ақмола облысында жаңа бидай сұрпы өндіріске енгізілді
Қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан жаңа бидай сұрпы биыл алғаш рет егістік алқаптарына егілді. Мұны Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Александр Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары айтып отыр. Яғни тың тұқым бұған дейін тек ғылыми институттың жерінде бірнеше жыл сынақтан өтсе, осы жылы жаппай өндіріске енгізілген. Жаңа сұрыптың жаңашылдығы неде?, деп хабарлайды 24KZ.
Ғалымдардың сөзінше, жаңа сұрып шығару – оңай шаруа емес. Оған кемінде он шақты жыл кетеді. Мәселен, елде жоқ тұқым алу үшін агрономдар мен селекционерлер қолданыстағы мыңдаған сұрыптың үлгілерін алып, оларды 15 жыл бойы әбден зерттеп, будандастырып, ақырында содан тың тұқымды іріктеп алып шығады. Ал оның өзі бірнеше жыл институт жанындағы тәжірибелік алқаптарда сынақтан өтеді.
Әділхан Бабкенов, А.Бараев атындағы АШҒӨО бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:
–Осылайша, әр 5 жыл сайын жан-жақты жақсы зерттелген жаңа сұрып беріп отырсақ, бұл біз үшін үлкен жетістік. Одан да аз уақыттың ішінде шығаруға мүмкіндік бар. Алайда ол қарапайым тілмен айтсақ, «шикі» болады, толық зерттелмейді, өндірістің түрлі талабына жауап бере алмауы мүмкін.
Дәл осындай жіті зерттеу мен жылдар бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесінде биыл тағы бір жаңа сұрып диқандарға берілді. Оның өзге тұқымдардан бір ерекшелігі – қоңыр тат атты өсімдік ауруына қарсы тұра алады. Бұл маңызды. Себебі соңғы жылдары астық тұқымдарында ауру көбейді.
Әділхан Бабкенов, А.Бараев атындағы АШҒӨО бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:
– Қоңыр тат ауруы – бидай үшін қауіпті аурулардың бірі. Егістікті ондай ауру жайласа, егіннің 30-40 процентіне дейін жойып жіберуі мүмкін. Сол себепті осыған қарсы тұра алуымен де «Таймас» сұрпы айрықша болып отыр. Одан бөлек, жаңа сұрыптың сабағы қысқа болғандықтан құлай қоймайды.
«Жаңа сұрыптың өнімділігі де өте жоғары», – дейді ғалымдар. Сынақ кезінде гектарынан 40 центнерге дейін өнім алынған. Ал зертхана мамандары тың тұқымның ең алдымен сапасына мән береді.
Светлана Дашкевич, А.Бараев атындағы АШҒӨО зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:
– «Таймас» сұрпында ақуыз көп. Ал ақуызы көп бидай құнарлы келеді. Қамырлығы да жоғары. Яғни одан алынған ұннан нан да сапалы болып шығады. Қамыры да езіліп кетпейді, тығыз боп тұрады. Мұны біз әйелдер жақсы түсінеміз».
Ғылыми орталықтың алдында тұрған ендігі міндет – аталған сұрыптың тұқымын барынша көбейтіп, оның жаппай егілуіне жағдай жасау. Ол үшін ғалымдар тұқым шаруашылықтарымен де тығыз жұмыс істейді. Себебі институтқа тиесілі жер көлемі аз. Дегенмен мұндағы мамандар барын салып жатыр.
Жанат Тасболатов, А.Бараев атындағы АШҒӨО тұқым шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
– Биыл жаңа сұрыптан 1 жарым мың тонна өнім алдық. Оны 860 гектар жерге ектік. Ал былтыр 300 гектарға ғана сеуіп, 900 тонна тұқым жинаған болатынбыз. Сөйтіп бір жылда 600 тоннаға көбейте алдық.
А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғылым қоры арқылы мемлекеттен 300 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алған. Ғалымдар енді еліміздің ауыл шаруашылығы үшін сапалы сұрыптар шығаруға міндетті.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Біз бағанадан бері айтып жатқан бидай сұрпы міне, осы. Оның былай қарағанда басқа сұрыптардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Алайда қазір ол астық шаруашылығында қуаңшылыққа төзімді және бірнеше ауруға қарсы тұра алатын қасиетімен ерекше болып отыр. Ендігі мақсат – оны барынша көбейту»
Ғалымдар бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз деп отыр. Әсіресе қазір климаттың құбылуына қарсы тұра алатын төзімді де икемді сұрыптар әзірлеу өзекті.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Медет Қуанышбеков