Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасы ашылады

Қазақстан авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа әуе бағыттарын ашуды көздеп отыр. Елордада өтіп жатқан ICAO-2026 апталығында ұшу қауіпсіздігі, жаңа технологиялар және әлемдік әуе тасымалының болашағы талқыға түсті. Қазір еліміз АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын орнатуға дайындалып жатыр. Астана – Нью-Йорк арасында тікелей бағыт ашу жоспары бар, деп хабарлайды 24KZ.

Астанада өтіп жатқан ICAO-2026 халықаралық форумына әлемнің түкпір-түкпірінен авиация саласының өкілдері жиналды. Қазақстан мұндай ауқымдағы халықаралық жиынды алғаш рет ұйымдастырып отыр. Қатысушылар жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің авиация саласына ықпалын қарастырады. Әуежайларды кибершабуылдардан қорғау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қауіпсіз пайдалану және әскери қақтығыстарға қатысты қауіп-қатерге назар аударылады. Кездесу қорытындысында сарапшылар ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуді көздеп отыр. Іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бас хатшысы Хуан Карлос Саласар да қатысты. Ол Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Хуан Карлос Саласар, Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысы:

– Астанадағы ICAO апталығы болашақ халықаралық авиациялық конференцияларды табысты өткізуге жол ашады. Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 95,7 пайызға жетті. Бұл елдің халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтінін көрсетеді. ICAO бұл нәтижені құптайды. Біз Қазақстанның Көлік министрлігімен және Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, қауіпсіздік деңгейін сақтауға әрі жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыруға күш саламыз.

Қазақстан АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға да дайындалып жатыр. Көлік министрлігі жыл соңына дейін Америка бағытына рейстер орындауға рұқсат алуды жоспарлап отыр. Қарастырылып жатқан бағыттың бірі – Астана – Нью-Йорк рейсі. Елге ұзын қашықтыққа ұшатын Dreamliner әуе кемесін әкелу жоспарда бар. Ол Атлант мұхитын қосымша жанармай құймай-ақ кесіп өте алады.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

– Үш апта бұрын бізге АҚШ-тан инспекторлар келіп, АҚШ-тың тарапынан бүкіл авиация қауіпсіздігі жүйесін тексеріп, жақсы деңгейде деп қорытынды берді. Бірінші Дримлайнер деген ұшақ ол тікелей ұшатын ұшақ boeing 787 желтоқсан айында келеді деп жоспарланған Эйр астана компаниясы. Егер бүкіл талаптар орындалса, келесі жылы тікелей рейс ашылуына үміт бар.

Қазақстан басқа бағыттар бойынша да рейс санын ұлғайтып, 160-қа дейін жеткізуді көздейді. Алдымен Қытайдың 30 қаласына және Үндістанның 10 қаласына рейстер ашылады. Бұл транзиттік жолаушылар санын арттыруға мүмкіндік береді. Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Түркия бағыттарындағы рейстер саны да көбейеді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Алишер Нақыпов

Сондай-ақ оқыңыз: