Жамбыл облысында 200 шақырым су арнасы жаңартылады

Жамбыл облысында ескі су арналары жаңартылып жатыр.

Биыл ұзындығы 200 шақырымнан асатын каналға құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Басты мақсат – суды ысырап етпей, егістікке суды уақытылы жеткізу.

Байзақтық Шаяхмет Ибраимов 10 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Ол басқаратын қожалық иелігіндегі 70 гектар жер бар. Шаруа жыл сайын қант қызылшасы, жүгері, жоңышқа өнімдерін егеді. Алайда суару маусымында қиындықтар жиі туындайтын. Себебі каналдар кеңес заманынан бері жөнделмеген. Арықтар бітеліп, судың жартысына жуығы жерге сіңіп кететін.

Мерей Бает, тілші:

- Біз тұрған Медеу каналы Байзақ ауданындағы 1500 гектар жерге су таратады. Былтырға дейін бұл канал бетондалмаған еді. Ол кезде тұрғындардың сөзінше, жіберілген судың 50 проценті жерге сіңіп кететін. Қазір бұл мәселе толықтай шешілді.

Шаяхмет Ибраимов, шаруа қожалық басшысы:

- Осы Медеу каналын келіп, басынан бастап шлюз қойып, мынау каналдың бәрін лотокпен істеді. Содан бері рақмет, әйтеуір жақсы болып қалды. Қазір керекті суымызды аламыз уақытысында. Уақытымен келеді, керекті жерге жетеді. Шлюздер қойылды, жаңаланды. Судан тапшылық жоқ. Таласта су болса болды.

Биыл Байзақ ауданындағы 31 су арнасының табаны мен ернеуі бетон жабынымен қапталып жатыр. Оның 17-сін халықаралық банк қаржыландырып, 4,5 миллиард теңге бөлді. Нәтижесінде 4700 гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Мерей Бает, тілші:

- Ауданда жөнделіп жатқан су арналарының 11-і биыл пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда келесі жылға қалып отыр. Бұған су арнасының елді мекен ішімен өтуі себеп. Жауаптылар тал, дарақтарды кесу және де каналдың тұрғындар жерімен өткізу үшін келісу жұмыстарына 2 ай кеткенін айтып отыр.

Мадияр Әмзеев, “Қазсушар” РМК Байзақ өндірістік бөлімшесінің инженер-гидротехнигі:

- Жоспар бойынша бұлар негізі биыл бітіруі керек еді. Жұмысы 30 пайыз аяқталып тұр. Каналдардың бастары Г блокпен басталады. Астында подбетонка дейді 10 см, үстінде 15 см армированный арматура тоқылып, жалпы алғанда 25 см қалыңдықта болады. Бұл бас жағы, аяқ жағына барғанда лоток егістікке бөлінеді. Бұның өзі суды үнемдеуге ықпалын көп тигізеді.

Жалпы Жамбыл облысында халықаралық қаржы ұйымдары 114 жобаны қаржыландырып отыр. Бірнеше жыл бұрын басталған каналдарды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Нәтижесінде өңірде 1000 шақырымнан астам канал жаңартылады. Жобалар толық жүзеге асса, 76 мың гектар алқаптағы су мәселесі толық шешімін табады.

Авторлары Мерей Бает, Тимур Сейілхан

Сондай-ақ оқыңыз: