Жапония Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалын арттырмақ

Жапония Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалын арттырмақ. Бұл туралы Токиода Жапонияның Орталық Азиямен және Кавказбен көліктік байланысын нығайтуға арналған конференцияда айтылды. Сарапшылар Орта дәлізінің маңыздылығын атап өтіп, оның сенімділігін төмендететін факторларға тоқталды, деп хабарлайды 24KZ.


Қазақстанның Токиодағы елшілігі ұйымдастырған конференцияға Жапония үкіметі мен бизнесінің 100-ге жуық өкілі қатысты. Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Орта дәліздің дамуы туралы айтып берді. Ол бес күн бұрын Бакуде Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін пайдалануға бергенін атап өтті. Бұл жүктердің сандық төлқұжаттарын, электронды құжат айналымын енгізуге ықпал етеді және контейнерлерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Ерлан Баударбек-Қожатаев, ҚР Жапониядағы елшісі:

– Қазіргі уақытта Қазақстан мен Жапония арасындағы көлік байланысы айтарлықтай нығаюда. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы Транскаспий көлік бағдарымен жапон тауарларының тасымалы біртіндеп ұлғайып келеді. Алдағы желтоқсанда Алматы – Токио бағытында тікелей рейс ашылады. Осылай Мемлекет басшысы өткен жылы Жапонияға жасаған ресми сапарының нәтижесі бойынша берген тапсырмалары жүзеге асырылып жатыр.

Жапония үкіметінің өкілдері Токио үшін Транскаспий бағытының стратегиялық маңызын сөз етті. Конференцияға қатысушылар жапон компанияларының Орта дәліз бойынша сынақ тасымалдарының қорытындыларымен танысты. Атап айтқанда, логистиканың негізгі параметрлері, соның ішінде жүктерді жеткізу мерзімдері мен құны, сондай-ақ кедендік процедуралардан өту ерекшеліктері талданды. Жапония Ақтау портындағы қызмет көрсету тиімділігін арттыруға бағытталған құны 719 млн иена болатын жобаны қаржыландырады. Осы қаражатқа теңіз айлағында стационарлық ірі габаритті рентгендік кешен орнатылады. Ол тексеру ұзақтығын үш есеге қысқартады.

Кей Такаги, Жапонияның Экономика, сауда және индустрия мемлекеттік министрі:

– Қазақстан – бай табиғи ресурстарға ие Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жапония мен Қазақстан көптеген жылдар бойы, ең алдымен, мұнай мен уран жеткізуді қоса алғанда, ресурстар мен энергетика саласында берік қарым-қатынас ұстанып келеді. Осы жылдың желтоқсанында Астанада Экономикалық ынтымақтастық бойынша Жапония мен Қазақстанның мемлекеттік органдары мен іскер топтарының бірлескен отырысы өтеді. Біз минералды ресурстар мен энергетикадан бастап логистика мен цифрлы технологияларға дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылаймыз деп үміттенеміз.

Миёко Коянаги, Жапония Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі халықаралық логистика кеңсесінің директоры:

– Жапонияның сыртқы сауда жүктерінің 90%-дан астамы теңіз көлігімен тасымалданады. Алайда халықаралық тұрақсыздық жағдайында теңіз тасымалының сенімділігі бұрынғыдан да үлкен сынақтарға тап болуда. Осыған байланысты құрлықтағы көлік дәліздері, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бұрынғыдан да үлкен маңызға ие.

Конференцияға қатысушылар Транскаспий бағыты бойынша мультимодальды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде экспорттық логистиканың әлеуетті тораптары ретінде Жапонияның Хаката және Нагоя порттары қарастырылып жатқанын атап өтті. Жапон сарапшыларының бағалауынша, Орта дәліздің тұрақтылығын төмендететін негізгі факторлардың бірі – Каспий теңізін кесіп өту. Қатты желдер мен дауылды жағдайлар кеме қатынасының кідіруіне әкелуі мүмкін, ал теңіздің бөлек учаскелеріндегі тереңдіктің жеткіліксіздігі кемелердің рұқсат етілген өлшемдері мен олардың жүк көтеру қабілетін шектейді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ оқыңыз: