Елде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді

Бұдан былай теориялық немесе практикалық емтиханды бірінші рет тапсыра алмаған оқушы бағы мен бабын келесі жұмыс күні қайта сынай алады. Егер екінші рет тапсыра алмаса, дайындыққа қосымша 10 күн беріледі. Үміткер үшінші рет мүлт кетсе, емтиханнан ақы төлеп өтеді, деп хабарлайды 24KZ.


Бұрын жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер практикалық емтиханнан үш мәрте өте алмаған жағдайда теориялық сертификатының күші жойылатын еді. Ал теориялық емтиханнан үш рет сүрінгендер 6 айға тестілеуден өту мүмкіндігінен айырылатын. Қазір талап өзгерді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

- Үшінші рет емтиханнан өте алмаған жағдайда да ақылы түрде қайта тапсыруға ешкім міндеттемейді. Бұл – халықтың өз таңдауы. Енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың уақытын үнемдеу, жүргізуші куәлігін алу кезінде емтихан тапсыру рәсімдерін жеңілдету және қосымша мүмкіндіктер беру. Ең бастысы, бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Қасымхан Ержан Астанадағы автомектептердің бірінде мұғалім әрі нұсқаушы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, оқушылардың 70 пайызы – әйелдер. Жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің басым бөлігі емтиханды бірінші немесе екінші рет тапсырғанда-ақ сәтті өтеді. Маманның пікірінше, бұл саладағы басты мәселелердің бірі – автодромдар санын арттыру. Сондай-ақ мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезекті қысқарту қажет.

Қасымхан Ержан, автомектеп мұғалімі:

– Ең соңғы өзгеріске сәйкес, үшінші сынақтан өте алмаған үміткер 10 күннен кейін емтиханды ақылы түрде қайта тапсыра алады. Бұл әркімге қаржылық мүмкіндігіне қарай дайындалып келуге көмектесетін шығар. Алайда қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек көп. Емтиханға жазылу үшін бір ай бұрын кезекке тұру қажет. Мәселен, қазан айының соңында желтоқсанға жазылу ашылады. Сондықтан қазір көптеген оқушы емтиханды бірден тапсырып, өтуге тырысады. Бүгінде елде 750-ден астам автомектеп жұмыс істейді. 2027 жылдан бастап олардың қызметіне бақылау күшейтіледі. Соның нәтижесінде білім беру сапасы мен техникалық базасы талапқа сай келмейтін ұйымдардың саны едәуір қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері мәлімдеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбаев

Сондай-ақ оқыңыз: