Ұлытау облысына оңтүстіктен 39 отбасы қоныс аударды

Биыл Ұлытау облысына мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстік өңірден 39 отбасы қоныс аударды. Азаматтарды жұмыспен қамту және тиісті көші-қон көмегін беру үшін республика қазынасынан 190 млн-ға жуық теңге жұмсалды. Көшіп келген отбасылар негізінен тұрғын саны аз ауылдар мен жұмыс күші тапшы елді мекендерге қоныстанды, деп хабарлайды 24KZ.

Қайсар Қайнарбекұлы Ұлытау ауылына «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп келді. Жобаның шарты бойынша уәде етілген мемлекеттік қолдау шараларын толығымен алдым дейді. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, қайтарымсыз берілген қаржыға баспана сатып алған.

Қайсар Қайнарбекұлы, Ұлытау ауылының тұрғыны:

– Ұлытау әдемі жер екен. Адамдары да мейірімді, жанашыр. Алғашында қиын болатын шығар деп ойлағанмын. Дегенмен тез үйренісіп кеттім. Ветеринариялық бекетте мал дәрігерінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Одан бөлек тауық сатып алып шағын бизнес бастадым.

Жыл басынан бері оңтүстік өңірден 39 отбасы көшіп келді. Отбасы мүшелері мен бала-шағасын қосқанда 167 адам. Оларға көшуге арналған субсидия және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір реттік қаржылай көмек пен үй сатып алуға 7 млн теңге баспана сертификаты берілді.

Қабылбек Рашатов, Ұлытау аудандық мансап орталығының маманы:

– Ұлытау ауданы бойынша 11 отбасы келді. Ұлытаудың өзіне 5 отбасы, қалғандары ауылдарға қоныстанды. Келген отбасылар жұмыспен қамтылды. Балалары мектеп пен балабақшамен қамтылды. Отын-сулармен де көмек көрсетіледі.

Ерікті түрде қоныс аударушыларға қойылатын ең басты талап – кемінде 5 жыл осы өңірде тұруы керек. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысты реттеуге мүмкіндік беретінін айтады мамандар. Себебі облыста әлі де кадр тапшылығы өзекті.

Айдар Қойшыбаев, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

– Қоныс аударып келген азаматтарға бірінші кезекте мамандығы бойынша жұмыс қарастырылады. Мамандықтардың басым бөлігі мұғалімдер, педагогтар, денсаулық сақтау саласы бойынша дәрігерлер қажет. Мемлекеттік қызметке 100-ден астам орын бос тұр. Полиция департаментінде 200-ге жуық бос мамандықтар бар. Осы кадр тапшылығын толтыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығы жобаға қатысуға тілек білдірушілер көп дейді. Сондықтан келер жылы өңірге бөлінетін квота санын арттыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Сондай-ақ оқыңыз: