Қазақстан – Сингапур тікелей рейсі ашылды
Сингапурға тікелей әуе рейсі ашылды. 20 қазаннан бастап Шымкенттен алғашқы ұшақтар ұшып жатыр. Әуе кемесі аптасына екі мәрте қатынайды. Жолай Қытайдың Санья қаласына тоқтайды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жолаушыларды өзге де бағыттармен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан – Қытай және Қытай – Сингапур сегменттерінде бөлек тасымалдауға қолайлы. Жолдың ұзақтығы – 11 сағат. Санья қаласында бір жарым сағаттай аялдайды.
Асқар Құттықадам, ҚР Сингапур Республикасындағы елшісі:
– Бұл рейс, сөзсіз, екіжақты іскерлік, туристік, мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстан мен Сингапур арасындағы, Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы үлкен әуе көпірінің алғашқы буыны болады деп үміттенемін.
Фредерик Хен, кәсіпкер:
– Саньядан өте жақсы ұшып келдік. Келесі жолы осы рейспен Шымкентке дейін ұшып, Қазақстанды көріп, тамсана аламын деп үміттенемін. Шымкентке дейінгі жол шамамен 11 сағатты алады. Жақын арада уақытымды тамаша өткізіп, Қазақстанмен жақынырақ танысамын деп жоспарлап отырмын.