Қазақстаннан 1,5 млрд теңгенің алтын құрамды кенін заңсыз шығармақ болғандар ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігі құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді шетелге заңсыз шығаруға әрекет жасағандарды анықтады, деп хабарлайды 24KZ.
Шикізатты шетелге шығару үшін кедендік құжаттарда жүк «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетілген. Осылайша кеннің нақты құрамы жасырылған.
Тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 мың тоннадан астам шикізат табылды.
Заңсыз әрекетті ұйымдастыруға қатысы бар «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды. Екі күдікті қамауға алынды.
Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.