Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударғандарға үй алуға ₸5 млн беріледі
Елде 1 қаңтардан бастап жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аударудың жаңа ережесі күшіне енеді.
Мемлекет көшуге, тұрғын үй жалдау ақысын өтеуге және баспана сатып алуға көмек көрсетеді.
Қоныс аударушыларға бір жолғы субсидия, жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерге ай сайынғы өтемақы және баспана сатып алуға сертификат берілуі мүмкін. Бағдарламаға жұмыссыздар, қандастар, шаруа қожалықтарының басшылары, сұранысқа ие мамандық иелері, өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілер қатыса алады.
Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитеті басқармасының басшысы:
- Сегіз аймақ айқындалған. Оның ішінде, Ақмола, Абай, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, СҚО кіреді. 1 облыс ішінде де қоныс аудару шарасы көзделген. Ауыл, елді мекендерге және шекара маңындағы ауылдарға қоныс аудару көзделген.
Ал көшіп шығатын өңірлер қатарына Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары енгізілді. Түркістан облысының тұрғындары бұл бағдарламаға қатысты өз пікірін білдірді.
БЛИЦ:
1. Солтүстік те Қазақстан жері. Сондықтан көшіп барғанды қолдаймын. Бірақ ол жерде бір мәселе бар. Танымайтын ауылға 1-2 отбасыны апарады. Олардың сіңісіп кетуі қиын болып жатыр. Сондықтан менің жеке ойымша, 10-15 отбасыны апарса, бірігіп жұмыс істеп кетер ме еді деген ойым бар.
2. Мемлекет белгіленген мөлшерде қаражат бөліп жатыр. Қаражатпен қоса баспанамен қамтамасыз етсе, одан кейін тұрақты жұмыс орнымен. Өйткені көп адам барады да тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілмей, қайта кері қайтып жатқан жағдайларды естіп жатамыз.
3. Мысалы, менің жасым 50-ден асты. Маған ол жаққа барып орналасу өте қиын. Қазір Алматыда оқып жатқан балаларым солтүстікке барып жұмыс істеймін десе мен әрқашан қолдаймын.
4. Бұл мәселені шешу үшін көбірек жастарды тарту керек секілді. Үлкен адамдардың бейімделуі кішкене қиындау ғой. Жұмыс пен үй деген мәселе шешілер болса, қуана-қуана барар едім.
Отбасының әр мүшесіне көшу шығындарын өтеуге арналған бір жолғы субсидия 302 750 теңге төленеді. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеуге арналған төлем 12 айға дейін беріледі. Тұрғын үй сатып алуға немесе ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна төлеуге арналған экономикалық мобильдік сертификатының құны 7 млн 28 мың 125 теңгеге тең.
Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитеті басқармасының басшысы:
- Солтүстік өңірлерде денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, инженер мен айти мамандар сұранысқа ие. Осы жылдың басынан жоспар бойынша 8 мың 278 адам, оның 95 пайызы, яғни 7 мыңнан астам адам көшіп, сол өңірлерге бейімделіп тұрып жатыр. 5 жылдың қорытындысы бойынша бізде тек 3 пайызы келген өңірлеріне қайтып, тұрып жатыр.
Өзге өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілерге 1 млн 730 мың тг мөлшеріндегі субсидия ұсынылады. Бұл қолдауды алу үшін жұмыс беруші қызметкерді кемінде екі жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдап, оның көшу және тұрғын үй жалдау шығындарын төлеуі керек. Екіншіден, баспана сатып алу шығынының 50%-ын өтеу қажет. Бұл ретте өтемақы мөлшері 5 017 000 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші баспана сатып алып, белгіленген талаптар орындалғаннан кейін оны қызметкердің меншігіне береді. Қызметкер тұрақты жұмысқа 5 жылдан астам мерзімге орналасуы керек.
Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Дәулет Кибраев