Көкшетауда республикалық жыршылар байқауы өтіп жатыр. LIVE
Бүгін Көкшетауға еліміздің түкпір-түкпірінен жампоз жыршылар жиналды. Республикалық жыршылар байқауы жазушы Мәлік Ғабдуллиннің шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Одан бөлек, ұлттық өнерді дәріптеп, жыршылықты ұлықтауға арналды, деп хабарлайды 24KZ.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Дәл қазір облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрынан сөйлеп тұрмыз. Сайыстың басталғанына шамамен бір сағаттай уақыт болды. Республикалық байқауға еліміздің бес өңірінен және жергілікті жыршылар қатысып жатыр. Олардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Жалпы байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы айналымда жыршылар «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Абылай хан», «Бөгенбай батыр», «Олжабай батыр» және басқа да тарихи-қаһармандық жырлардан үзінді орындаса, екінші кезеңде Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми мұрасымен сабақтастырып «Қобыланды батыр» және «Едіге батыр» жырларын нақышына келтіріп орындауы тиіс.
Жалпы өңірде Республика күніне орай 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде жастар форумы, өнер фестивальдері, шығармашылық байқаулар мен экологиялық акциялар бар. Сондай-ақ мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі.