Астанада халықаралық ата-аналар саммиті өтіп жатыр

Астанадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM мектеп-лицейінде Parent Summit 2026 өтіп жатыр. Іс-шара International Parents Alliance ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Оған ата-аналар, халықаралық сарапшылар, мұғалімдер мен Құрылтай депутаттары қатысты. Шетелдік спикерлер ұстаздарға тренингтер өткізіп, инклюзивті білім берудегі тәжірибесімен бөлісті. Екі күндік бағдарлама аясында бала мен отбасының әл-ауқаты, цифрлық дәуірдегі тәрбие секілді бағыттар қамтылады. Саммитке Португалия, Норвегия және басқа елдердің білім беру сарапшылары, сондай-ақ қазақстандық мамандар жиналды. Айта кетейік, International Parents Alliance – ата-аналардың білім беруге атсалысып, барлық оқушының, олардың әлеуметтік жағдайына және ерекшеліктеріне қарамастан бірдей білім алу үшін жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ.

Луца Ласло, International Parents Alliance ұйымының директоры:

– Біз бұл жерге тренинг өткізу үшін де келдік. Негізгі мақсатымыз – мұғалімдерге барлық оқушыларды оқу процесіне бірдей кіріктіретіндей мүмкіндіктер жасау. Әр оқушының ерекшеліктеріне, жеке тұлғалық қасиеттеріне байланысты тең мүмкіндіктер ашу маңызды. Біздің бағдарлама әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, сыныптарды инклюзия арқылы дамытуды көздейді. Біз оқушылардың мектепке қарай емес, мектептің оқушыларға қарай бейімделгенін қалаймыз.

Сәтжан Омаров, Қадыр Мырза әлі атындағы BINOM мектеп-лицейінің директоры:

– Саммиттің басты мақсаты – инклюзивті білім беру, балалардың әл-ауқаты және бала тәрбиесіндегі халықаралық озық тәжірибелерді талқылау. Шетелден келген 22 қонақ пен спикер бар. Олардың 9-ы төрт алаңда қатысушылармен жұмыс істейді. Әр алаңда 50-ге жуық мұғалім бар. Сонымен қатар ата-аналар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, сондай-ақ республика ұстаздары мен мектеп директорлары қатысып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: