Астана тазалығы тәулік бойы тоқтамайды
«Таза Қазақстан» дегенде көше сыпырушылар да еске түседі. Себебі күндіз-түні елді мекендердің тазалығына жауапты боп отырған міне, солар. Мәселен, бір ғана Астана қаласының өзінде бір тәулікте бас шаһардың көшелерін сыпыруға 2 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Ал қыстыгүні жұмысшылардың қатары 3 мыңнан асып кетеді. Олардың жұмысы оңай емес, деп хабарлайды 24KZ.
Көше сыпырушы Анжела Буркаеваның елорда тазалығына үлес қосып жүргеніне биыл 10 жыл. Ол Астанаға Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Көбетей ауылынан келіп еңбек етеді. Басында бірнеше жыл маусымдық жұмыста болған келіншек, қазір тұрақты қызметте. Сол себепті кейіннен бас қалаға қоныс аударған. «Жұмыстың ауыртпашылығына да үйреніп кеттік», – деп отыр.
Анжела Буркаева, «Астана тазалық» мекемесінің жұмысшысы:
– с 8 утра мы выходим... «Біздің ауысым таңғы 8-ден басталады. Түскі 12-де үзіліске шығамыз. Жұмыс күн жылы кезде жеңіл. Тек қыста сәл қиындау. Тоңып қалмау үшін тоқтамай жұмыс істеуге тырысамыз. Маған тиесілі аумақ Мәңгілік ел даңғылынан бастап Қазақ радиосы көшесінің аралығы. Яғни осы екі көшенің ортасындағы Қонаев, Достық, Ақмешіт және Түркістан көшелерінің бөлігі. Соларды кезек-кезек тазалаймын».
Иә, біз кездескен көше сыпырушылар тобы қаланың сол жағалауындағы «Бәйтерек» деп аталатын учаскеге жауапты. Бәйтерек деген атауы ғана болмаса, Ақорданың алдынан бастап Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықтың тазалығы олардың мойнында. Ұзындығы 2 шақырым, ені 700 метрден асатын аумақты таңнан кешке сыпырып, қоқыстан арылтады.
Гүлнәр Әшірбекова, «Астана тазалық» мекемесінің учаске шебері:
– Мысалы, Қонаев көшесін алайық. Қызметкерлерді екі топқа бөлеміз: біреулері қоқыс жинаса, екіншілері сыпырады. Қазір күз мезгілі, жапырақтар түсіп жатыр. Сондықтан тазалықты үнемі сақтап отыруымыз керек. Таңғы сағат 6-да адамдар жұмысқа бару үшін аялдамаға келгенде, айнала таза болуы керек. Қыс мезгілінде қар жауса, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалаймыз. Көктайғақ кезінде аялдамалардағы мұзды ойып, тұз себеміз. Кейбір адамдар мұны түсінбей, «Неге мұзды ойып жатырсыңдар, брусчатканы бүлдіресіңдер ғой?» деп жатады. Біз оларға мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын барынша түсіндіреміз.
«Әсіресе, Астананың қарлы борандарында қиын», – дейді көше сыпырушылар. Кей күндері ауысым бойы қармен алысып өтеді. Әкімдікке қарасты «Астаналық тазалық» мекемесінен бөлек шаһар тазалығына тағы бірнеше компания жауапты. Ондағы көше сыпырушылар әр мекеменің өз кестесіне қарай 3 немесе 4 ауысымға бөлініп жұмыс істейді.
Ержан Пашанов, «Астана тазалық» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары:
– Бес ауданды тазалықпен қамтамасыз ету үшін 18 сыпыру маршруты ұйымдастырылған. 18 маршрутта 144 техника қызмет атқарады. Және де жаяу жүргіншілер жолын тазалау үшін 27 қолмен жинау бригадасы жасақталған. Бұл бригадаларда 740 адам қызмет атқарады.
Басқасын айтпағанда әкімдікке тиесілі коммуналдық мекеме жұмысшыларының өзі бір ғана қыркүйек айында 500 тоннадан астам қоқыс жинаған. Бұл күніне 18 тонна деген сөз. Көше сыпырушылар болмаса, қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын секілдіміз. Тазалықшылардың осы еңбегін жоғары бағалайтын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциялары кезінде коммуналдық қызметкерлермен жиі кездесіп тұрады. Қолдау білдіреді, еңбек адамдарының мәртебесін арттыруды жауаптыларға тапсырады.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Президенттің еңбек адамдарына деген қамқорлығы мен құрметінің арқасында соңғы жылдары бұл жұмысқа қуана келісетіндер көбейе бастаған. Себебі әлеуметтік жағдайлары жақсарып келеді. Ал бұрын еңбек жалақылары аз болатын, одан қалды мұндай жұмыс істеуге арланатын. Ал қазір бәрі басқаша.
Айта кетейін, көше сыпырушылар мен жалпы тазалық қызметкерлері Жапония, Сингапур және Германия секілді дамыған елдерде өте сыйлы әрі табысты кәсіптердің қатарына жатады. Аталған мемлекеттерде тазалықпен айналысатын адамдарды «қарапайым жұмысшы» емес, «экологиялық инженерлер» немесе «қалалық эстетика мамандары» деп атайды. «Ал біздің көше сыпырушылар халықтың да тазалық мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасса», – дейді. Себебі тұрғындар тарапынан түсіністік болмаса, тазалықшыларды қанша жерден көбейткенімен мінсіз нәтижеге жете алмаспыз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Нұрғали Мамырбаев