Қазақстанда интернет-алаяқтық 22 пайызға азайды
Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, цифрлық қауіпсіздік шаралары жетілдіріліп жатыр. Ресми деректерге сәйкес, биылғы тоғыз айдың қорытындысында мұндай қылмыстар саны 22 пайызға азайған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры Сәуле Сапарәлиева «24KZ» арнасында мәлімдеді.
Бүгінгі таңда интернет-алаяқтыққа қарсы мемлекетімізде кешенді шаралар қабылданып жатыр. Ұлттық банкпен бірлесіп құрылған Ұлттық антифрод орталығы да осы бағытта жұмыс істейді. Қазір оған 270 мемлекеттік және қаржы ұйымы тіркелген. Бұл күмәнді операцияларды анықтап, қаражаттың заңсыз аударылуының алдын алуға көмектеседі,- деді Сәуле Сапарәлиева.
Сарапшының айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау камераларының да маңызы зор. Дегенмен, басты мәселе камера санында емес, құқық қорғау органдарының оқиғаға жедел әрекет етуінде.
Сонымен қатар Құқық қорғау органдары академиясында қызметкерлерді жасанды интеллект құралдарын пайдалануға үйрету қолға алынған. Биыл арнайы бағдарлама аясында 11 мың қызметкерді оқыту жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, қылмыстың алдын алу үшін цифрлық технологияларды жетілдірумен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды.