Алматыда инклюзивті орта дамып келеді
Алматыда 6000-ға жуық нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген. Бұл шаһардың қолжетімділік картасына енгізілген ғимараттардың шамамен 60 пайызы, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандардың айтуынша, мегаполисте инклюзивті ортаны дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ойын алаңдары салынып, кітапханалар мен арнайы орталықтардың қолжетімділігі артып келеді.
Бағлан Әбдікәрім – Қазақстан жазушылары кітапханасының қызметкері. Бала күнінде сырқаттанып, кейін көз жанары семіп қалған. «Ten Qogam» жобасының аясында жұмысқа тұрыпты. Қазір ол көру қабілетін кейін жоғалтқан азаматтарға компьютер мен смартфонды арнайы дыбыстық бағдарламалар арқылы пайдалануды үйретеді.
Бағлан Әбдікәрім, Қазақстан жазушылары кітапханасының қызметкері:
– Біздің негізгі қызметіміз – өзіміз сияқты нашар және мүлдем көрмейтін азаматтарға қызмет көрсету. Нақтырақ айтып кетсем, бізде өзімізге керек техникаларымыз тұр. Компьютер, пернетақта және Брайль дисплейі деп аталады. Кәдімгі монитордағы жазылып тұрған жазуларды сол дисплей арқылы қолмен сезіп оқимыз.
Инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары балаларды да қамтиды. Мәселен, Медеу ауданындағы Шухов атындағы саябақ биыл абаттандырылып, ерекше балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Енді олар өзгелерден шет қалмай, бір уақ таза ауаға шығып сергіп қайтады.
Әлішер Баян, Медеу ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің бас инспекторы:
– Жоба аясында Шухов атындағы саябақта бізде балалар ойнайтын кешендер орнатылған. Оның үшеуі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Яғни жүре алмайтын, шектеулі балалар, арбамен жүретін балаларға арналған.
Қазір мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсететін орталықтар жұмысы қарқынды дамып келеді. Орталыққа жүгінетіндерге бірнеше бағытта қызмет көрсетіледі. Мұнда үйірмелер мен курстарға қатысуға болады. Қала бойынша мұндай сегіз орталық жұмыс істейді.
Әсем Байділдәнова, Бостандық ауданы «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығының жетекшісі:
– Бұл орталыққа келетін адамдардың жас ерекшеліктері шектелмеген. Мүгедектігі бар бірінші, екінші, үшінші топ отбасыларына қызмет көрсетіледі.
Орталықта заңгер мен психолог кеңес береді. Сондай-ақ келушілерге жұмысқа орналасуға көмектесіп, қазақ және орыс тілі курстары мен тоқыма, арт-терапия сабақтары ұйымдастырылады. Қазір орталыққа шамамен 300-ден аса адам тіркелген. Игі бастаманың мақсаты – азаматтарды қоғамға бейімдеп, өз жолын табуына атсалысу.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Мұхит Құдықбаев