Арқалықта қос композитордың мұрасына арналған шара өтті
Арқалық қаласына Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь келді, деп хабарлайды 24KZ.
Мәртебелі мейман Тобыл-Торғай өңірінің өнерімен жақынырақ танысып, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті. Сапар аясында Елші қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамов пен Қытайдың халық композиторы Сянь Синьхайдың шығармашылық мұрасына арналған тағылымды шараға қатысты.
Мәртебелі меймандар ең алдымен қазақтың атақты композиторы Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінде болды. Кейін қос елдің ортақ тарихы мен өнерін дәріптеуді мақсат тұтқан «Композитор» көркем фильмін тамашалады.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
– Бақытжан Байқадамов қазақ даласының үнін муызка тілімен жеткізді. Си Синьхай қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы жазып қалдырды. Си Синьхай есімі Қостанай өңірімен де байланысты. Ол Қостанай облыстық филармониясының қалыптасу тарихына айрықша атсалысты. Халық батыры Амангелді Имановтың ерлік жолына арналған «Амангелді батыр» симфониялық туындысын дүниеге әкелді.
«Өнер – халықтарды жақындастыратын ортақ мұра». Бұл ретте елші Хань Чуньлин мырза да тарихи тұлғалардың өшпес мұрасы қазақ пен қытай халықтары арасында достықтың дәнекері бола беретінін атап өтті.
Хань Чуньлин, Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі:
– Тағдыр тоғыстырған таланттардың өнері мен достығы ешуақытта маңызын жоймақ емес. Қастерлі қос композитордың отандары Қазақстан мен Қытай бүгінде ұлы достықтың берік негізін қалады. Осындай іс-шаралар сайып келгенде біз сөз етіп отырған тұғырлы тұлғалардың есімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі етумен қатар қос ел арасындағы достық тінін де тереңдете түсетініне сенімдімін.
«Музыкамен ұласқан достық» атты концерттік бағдарлама барысында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың әндері мен қытай композиторы Сянь Синхайдың туындылары орындалды.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ермек Мұхамедияров