Маңғыстауда жаңа вокзалдың ашылуы жұрттың жаппай кептелуіне ұласты

Маңғыстауда жаңартылған теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды. Алайда мерекелік шара жоспардағыдай өтпеді. Жиналған жұрт кіреберісте топтасып, ғимараттың есігін жаппай басып кіруге тырысқан, деп хабарлайды 24KZ.

Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді.

Бұл кадрлардан адамдардың вокзалдың шыны есіктерінен сығылысып өтуге тырысып жатқанын көруге болады. Полиция қызметкерлері топты сабырға шақырып, тоқтатуға тырысқанымен, жиналғандар алға қарай ұмтылуын жалғастырған. Осы жағдайға қатысты депутат Үнзила Шапақ қоғамда әрбір адам өз-өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру керек деді.

Үнзила Шапақ, ҚР Құрылтайының депутаты:

– Біз соңғы жас буынға үлгі болуымыз керек. Сондықтан үлкен азаматтардың бір-бірін тыңдамауы, бірінің үстінен бірі итеріп, мемлекеттік билік өкілдерін елемеу, құрмет танытпау, тәртіпке деген нигилизм, осы мәселеден құтылуымыз керек. Жалпы біз өркениетті қоғамда өмір сүреміз. Сондықтан ол қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтардың сол қоғамға сай мәдениеті деп болуы керек.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы болған жағдайды жаңартылған ғимаратты көруге келген адамдардың қарасы тым көп болуымен түсіндірді. Компанияның мәліметінше, кейбір келушілер кезегін күтпей, ғимаратқа бірінші болып кіруге тырысқан.

Венера Жексембекова, саяси ғылымдарының докторы, профессор:

– Біздің өзімізге тән сыйлау, әдеп деген мәселе бар. Біз жастарға үлгі көрсетуіміз керек. Жастар тәрбиесімен айналысуымыз керек. Үйде, мектепте, ұжымда жұмыс істеген кезде жастарға «үлкен кісілер келе жатқанда орын беріңдер» деп айтуымыз керек.

Бұл кадрлар интернет қолданушыларының наразылығын тудырды. Бірі кіреберістегі қозғалысты дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін шараны өткізген тарапты сынға алса, енді бірі ересек адамдардың неліктен осындай итеріс ұйымдастырғанына таңғалды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Саят Башимов

Сондай-ақ оқыңыз: