Қызылорда облысындағы 10 ауыл газға қосылады

Қызылорда облысындағы 10 ауылға табиғи газ құбыры тартылып жатыр. Елді мекендерге көгілдір отын жеткен кезде облысты газдандыру көрсеткіші 85 пайызға жетеді. Жаңақорған ауданындағы Сырдарияның арғы бетінде орналасқан Қожакент елдімекені де газды күтіп отыр. Өзен бөліп тұрған ауылға көгілдір отын қалай жеткізілмекші? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Қожакентте 3,5 мыңдай тұрғын бар. Елді мекендегі 600-ге жуық үй пеш жағып отыр. Ауылдықтар қыста керек қатты отын қорын алдын ала дайындап қояды. Себебі Сырдарияның арғы бетіндегі ауылға көгілдір отын келесі жылы жетеді. Қазір құбыр тартылып жатыр.

Сұлтанбек Тұрсынханов, Қожакент ауылының тұрғыны:

– Ортамызда ағып жатқан дария бар еді. «Бұдан қалай өтеді екен?» деп ойланып жүретінбіз. Қайта-қайта өтініш жасап, газ өткізсін деп сұрайтынбыз. Тезекке от жағып, тоғайдың отынын жағып, күл шығарып, қаншама қиналып жүретін едік.

Өзеннің арғы бетіне құбыр тарту үшін күрделі инженерлік жұмыс атқарылды. Жалпы ұзындығы 33 шақырымнан асатын жоғары қысымды газ құбырының бір бөлігі Сырдарияның астымен тартылды.

Иман Кәрімов, «УниверсалСтройСервис» ЖШС учаске бастығы:

– Жоғарғы қысыммен газ құбырлары 33 жарам километр жұмыс бітуде, 95%-і бітіп тұр. Одан бері қарай Қожакент ауылы ішінде орташа қысыммен газ құбырлары және де қысым кішкене аз қысыммен, төмен қысыммен газ құбырларының біткен жұмыстары 30%-ға жетіп қалды.

Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:

– Сол жоғары қысымды газ желісінің бойында 5 елді мекен орналасқан. Бұл елді мекендердегі халық саны 10 мыңға жуық. Алдағы уақытта осы жобалар аясында аталған 5 елді мекенді газдандыру жұмыстары да жүзеге асырылатын болады. Келесі жылдың бірінші тоқсанында Қожакент елді мекеніне табиғи газ жеткізу құрылысы аяқталған соң, жоғары қысымды газ желісінің бойында орналасқан қалған 5 елді мекеннің жобалары іске асырылатын болады.

Соңғы төрт жылда өңірді газдандыру мақсатында 65 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 77 жоба жүзеге асты. Биыл жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенге табиғи газ беріледі деп жоспарланып отыр. Осыдан кейін көгілдір отынның игілігін көріп отырған тұрғындардың үлесі 85 пайызға жетеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: